Елде зейнетақы жүйесін дамытуға қатысты жаңа ұсыныстар әзірленеді

Талқылау барысында азаматтардың болашақ зейнетақысын қалыптастыруда мемлекеттік төлемдер мен жеке жинақтарды ұштастыру тетіктері қарастырылды

Елде зейнетақы жүйесін дамытуға қатысты жаңа ұсыныстар әзірленеді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Алматы қаласында Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту мен оның ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған сарапшылар кездесуі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов, сондай-ақ белгілі қаржы сарапшылары Болат Жәмішев пен Елена Бахмұтова қатысты.

Кездесу Мемлекет басшысының зейнетақы жүйесінің қаржылық теңгерімділігін сақтау және зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Осы міндеттерді орындау үшін министрлік жанынан айналысатын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.

Талқылау барысында азаматтардың болашақ зейнетақысын қалыптастыруда мемлекеттік төлемдер мен жеке жинақтарды ұштастыру тетіктері қарастырылды. Ұсынылып отырған өзгерістер қызметкерлер мен жұмыс берушілердің міндетті жарналары арқылы жинақ көлемін арттыруды, халықты зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейтуді және енгізілетін шешімдердің болашақ зейнетақы мөлшеріне әсерін актуарлық есептеулер арқылы болжауды қамтиды.

Жиын барысында «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов қордың сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

«Бүгінде зейнетақы жүйесін одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін жан-жақты бағалау үшін сарапшылардың білімі мен практикалық тәжірибесін біріктіру маңызды. БЖЗҚ мемлекеттік органдармен және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға дайын», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ұсыныстарды әзірлеу кезінде демографиялық өзгерістер, өмір сүру ұзақтығының артуы және еңбек нарығындағы жаңа үрдістер сияқты ұзақ мерзімді факторлар негізге алынады.

«Біздің міндетіміз – зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың болашақта лайықты зейнетақымен қамтылуына мүмкіндік беретін тәсілдерді әзірлеу. Сондықтан ұсынылатын әрбір шешім қазіргі және болашақ ұрпақтың мүдделерін ескере отырып, жан-жақты бағалануы тиіс», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Жұмыс қорытындысы бойынша азаматтардың зейнетақы құқықтарын нығайтуға бағытталған кешенді ұсыныстар топтамасы әзірленеді.