Денесінің 85 пайызы күйген: Ақтөбе облысында ауыр күйік алған жұмысшы қайтыс болды
Дәрігерлер 46 жастағы ер адамның өмірі үшін бір апта күрескен
Ақтөбе облысында ауыр күйік алған 46 жастағы жұмысшы ауруханада көз жұмды. Ол әріптесімен бірге бензин құйып жатқанда өрт шығып, екеуі де күйік алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жұбандық Дүйсембаевтың денесінің 85 пайызы күйіп қалған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бір апта бойы күрескенімен, аман алып қалу мүмкін болмады.
Оқиға 13 қазанда екі жұмысшы бензинді бір ыдыстан екіншісіне құйып жатқан кезде болған. Өрт салдарынан екеуі де күйік алған.
Зардап шеккендер санитариялық авиациямен ауданнан облыс орталығына жеткізілді. Оларды емдеуге Астанадан мамандар да тартылған.
Алайда жансақтау бөлімінде бір апта жатқан Жұбандық Дүйсембаев қайтыс болды. Денесінің 40 пайызы күйген екінші жұмысшы елордаға жеткізілген.
«Науқастардың бірін санитариялық авиациямен Астанаға жібердік. Ал екінші науқас алған жарақатының ауырлығына байланысты көз жұмды. Оның денесінің 85 пайызы күйген еді», – деді Ақтөбедегі №1 көпбейінді аурухананың травматолог дәрігері Нұрлан Әбішев.
Оқиғаға қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ.