«Тіпті гинекологқа да барыппын»: Ер адам eGov-тағы өзіне қатысты мәліметтерді көріп, жағасын ұстады
Астаналық өзі бармаған дәрігерлердің қабылдауын, соның ішінде гинекологқа қаралғаны туралы жазбаны анықтады. ӘМСҚ мұндай жағдайда қайда жүгіну керегін түсіндірді
Астана тұрғыны Жарқын Болатұлы eGov жүйесіндегі жеке кабинетінен өзі бармаған дәрігерлердің қабылдауына қатысты ондаған жазбаны байқаған. Олардың арасында гинекологтың қабылдауы да бар. Бұл жағдайға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарқын Болатұлы өз сөзін растау үшін Threads әлеуметтік желісінде eGov жеке кабинетінен алынған скриншоттарды жариялаған.
«Емханаға бір рет те барған емеспін, бірақ ай сайын менің атыма 8–10 қабылдау тіркелген. Бұл – бір айдың ғана скриншоттары, кейбірін байқамай өткізіп алған да шығармын. eGov-тан қарап шықтым. Тіпті гинекологқа да барған болып тұрмын», – деп жазды астаналық.
Қоғамда қызу талқыланған жазбаға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) жауап беріп, мұндай жағдайда не істеу керегін түсіндірді.
«Егер медициналық қызметтер тарихында өзіңіз алмаған қабылдаулар немесе тексерулер туралы жазбалар болса, аталған медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуді ұсынамыз. Бұл мәліметтердің қандай негізде енгізілгенін анықтау маңызды. Деректерді толтыру кезінде қате кеткен болуы мүмкін. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, ӘМСҚ-ға жүгінуге болады. Өтінішіңіз негізінде көрсетілген фактілерді тексеру үшін жоспардан тыс мониторинг бастауға құқылымыз», – деп хабарлады қор өкілдері.
ӘМСҚ мәліметінше, өтінішті қордың ресми сайтындағы «Өтініш беру» бөлімі арқылы жолдауға болады. Ол үшін жеке деректерді, өңірді және медициналық ұйымның атауын көрсетіп, растайтын файлдарды тіркеу қажет.
Сондай-ақ азаматтар Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе e-Otinish платформасы арқылы да өтініш бере алады.