Металлург, мұғалім, дәрігер, мәдениет қайраткерлері: Тоқаев бір топ азаматты марапаттады

Автор: Асыл Арман

Жиында мемлекет басшысы марапатталған азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай өткен жиында ел дамуы жолында айтулы үлес қосқан қазақстандықтарды марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент жиында Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановты «Еңбек Даңқы» наградасымен марапаттады.

«Ол әке ізін басып, 40 жылдан астам уақыт металлургия саласында абыройлы жұмыс істеп келе жатыр. Кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығының арқасында зор табысқа жетіп, елімізді өркендетуге мол үлес қосып жүр. Бүгінде жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, оларға өмірлік кәсібінің қыр-сырын үйретіп жүр», – дейді мемлекет басшысы.

Тоқаев жиында белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаевты «Отан» орденімен марапаттады.

«Оның әндері бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорына қосылды», – деді президент.

Мемлекет басшысы альпинист Қазбек Уәлиевтің ерен еңбегін ескере отырып, оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

«Қазір арамызда даңқты альпинист Қазбек Уәлиев отыр. Ол дүние жүзінің ең биік шыңдарын бағындырып, әлемдік альпинизмнің аңызына айналды», – Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал Наталья Викторовна Сафиулинаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы берілді.

«Жоғары педагогикалық шеберлігімен, кәсібилігімен және сүйікті ісіне адалдығымен көрінді. Жаңашыл ұстаз ерекше балаларды оқытуда озық тәсілдер енгізіп отыр. Мемлекет шын мәнінде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосып жүрген осындай педагогтерді әрдайым қолдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Танымал опера әншісі Талғат Маратұлы Мұсабаевқа «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді.

Өнер қайраткерлерімен қатар, мәдениет саласын зерттеген ғалымдардың да еңбегі зор құрметке лайық. Президент белгілі өлкетанушы Бауыржан Өзбекәліұлы Жәнібековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді.

Ал ұлағатты ұстаз, өнертанушы ғалым Эльмира Сәкенқызы Сұлтанғалиеваға «Құрмет» ордені табысталды.

«Жұмысшы мамандық иелері еліміздің өркендеуіне белсене атсалысып келеді. Қазір осы жерде адал еңбегімен зор табысқа жеткен нағыз еңбек адамдары отыр. Бұл орайда «Астана-Көгалдандыру құрылысы» мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлын ерекше атап өтуге болады. Осы саладағы игі істер мен президент ретінде ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Бұл бүкіл елімізге өте қажетті жұмыс деп айтсақ, қате болмайды. Өйткені көшелеріміз таза болмаса, әрбір жерде ағаш пен гүлдер көп егілмесе, азаматтарымыз табиғатқа қамқор болмаса, еліміз де жасампаз болмайды. Бұл – анық нәрсе. Бұл – Үкімет болсын, Құрылтай болсын, құқық қорғау мекемелері болсын, жергілікті билік өкілдері мен басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, барлық жоғары оқу орындарының, мектептердің ортақ парызы. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – жалпыұлттық қозғалыс. Бүгін елордамызды көркейтуге елеулі үлес қосқан білікті маманға «Құрмет» ордені беріледі», – дейді президент.

Жиында «Астана орманы» ұйымында еңбек етіп жүрген Аманжол Төкенұлы Үйсінбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

«Осы айтулы күнде біз Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Николаевич Пустыльниковке лайықты құрмет көрсетеміз. Ол отыз жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жемісті жұмыс істеп, жиған тәжірибесін жас буынға үйретіп келеді. Адал еңбегі мен толайым табысы үшін Сергей Николаевич Пустыльников ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталады», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жиын барысында аға мейірбике Анар Рахманбекқызы Әбдіқұловаға және ұлағатты ұстаз Сәлима Ибраиымқызы Жұмамұратоваға «Шапағат» медалін табыстады.

«Біз ұлт саулығын нығайту және зияткер ұрпақ тәрбиелеу ісіне баса мән беріп отырмыз. Ұстаздар мен дәрігерлер қауымына жан-жақты қолдау көрсету және олардың еңбегіне зор құрметпен қарау – маңызды міндет», – дейді Тоқаев.

Президент сөзін жалғай отырып, қоғамдық келісім егемендігіміздің мызғымас кепілі екенін, бүгін ырысты ынтымағымызды нығайту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа «Ел бірлігі» ордені табысталатынын айрықша атап өтті.

«Сонымен бірге бүгін мемлекетімізді көркейтуге белсене атсалысқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азамат марапатталады. Соның ішінде 270-ке жуық білім-ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкеріне, 473 жұмысшы мамандығы өкілдеріне және 129 еңбек ардагеріне, сондай-ақ, 200-ден астам шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік награда тапсырылады. Бәріңізге құтты болсын!» – деді мемлекет басшысы.