Тараздағы шағынауданда 49 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су да тартылған көрінеді
«Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалында тұрғындардың мәселесі қаралып, жедел түрде шешімін тапты. Тараз қаласының тұрғындары тротуарлардың бүлінгеніне шағымданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алатау» шағынауданында жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілген. Құрылыс кезінде жаяу жүргіншілер жолдары бұзылып, жауапты компания оны бірнеше күн бойы қалпына келтірмеген. Бұл жағдай тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруын қиындатты. Осыған байланысты азаматтар «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалында жиналды. Тұрғындардың өтінішінен кейін «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Саяси кеңес мүшелері аталған аумаққа барып, қала әкімдігі мен құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жол жабындарын қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстарын жеделдету мәселесі талқыланды. Аумақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
«Жылу желілерін жаңарту, қала инфрақұрылымы үшін маңызды жұмыс. Алайда құрылыс барысында бүлінген жолдар мен жаяу жүргіншілер аумақтарын да уақытылы қалпына келтіру қажет. Тұрғындардың өтініші бойынша мәселені жауапты мекемелермен бірге көтеріп, жұмыстардың жедел орындалуына ықпал еттік. Партиялық бақылаудың мақсаты азаматтардың өтінішін назардан тыс қалдырмай, нақты мәселелердің шешілуіне атсалысу», -Жамбыл облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Ерғали Омаровтың
Жылу жүйесін жаңарту жобасы аясында «Алатау» шағынауданында жалпы ұзындығы 7,3 шақырым құбырды ауыстыру көзделген. Жауапты тараптың мәліметінше, биыл 6,6 шақырым жылу құбыры ауыстырылған. Сонымен қатар шағынаудандағы 49 көпқабатты тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылған. Жоба аясында асфальт төсеу, құрылыс кезінде бүлінген аумақтарды қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары да жүргізілді.
Жауапты мердігер ұйым - «Ителек Азия» ЖШС өкілі Қонысбек Аралбаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары демалыс және мереке күндерінде де жалғасқан.
«Жылу желілерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілді. Құбырларды ауыстырумен қатар, қазылған аумақтарды қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстарына да көңіл бөлінді. Тұрғындардың қолайлы әрі қауіпсіз жүріп-тұруы маңызды. Сондықтан құрылыс кезінде бүлінген аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары да назарға алынды», — деді Қонысбек Аралбаев.
Шағынаудан тұрғыны Жақсыбек Сарбасов тұрғындардың өтінішіне назар аударылып, мәселенің шешілгеніне ризашылығын білдірді.
«Құрылыс жұмыстары кезінде бүлінген тротуарлар тұрғындарға біраз қолайсыздық туғызған еді. Біз осы мәселені көтеріп, көмек сұрадық. Өтінішіміздің ескеріліп, жауапты мекемелермен жұмыс жүргізілгеніне ризамыз. Тұрғындардың мәселесіне назар аударып, оны шешуге ықпал еткені үшін «Әділет» партиясының облыстық филиалына алғыс айтамыз. Біз үшін ең бастысы, ауламыздың ретке келтіріліп, адамдардың қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасалуы», - деді Жақсыбек Сарбасов.
Бүгінде жұмыстар толық аяқталды.
«Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалы тұрғындардың өтініштерін қарау және инфрақұрылымдық жобалардың орындалуын бақылау жұмысын жалғастырмақ.