Белгілі болғандай, оқиға 21 қазан күні кешкі ас уақытында болған
Бұл күндері «Бурабай» емдеу-сауықтыру кешенінде жатқан зейнеткерлер жақындарына хат жазып, асханадағы көгерген нанның суретін жіберген. Сондай бір зейнеткердің немересі атасы жіберген суретті желіге жүктеп, резонанс тудырды. Осы жағдайға байланысты Azattyq Rýhy редакциясы шипажай әкімшілігіне және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына хабарласып, мән-жайды анықтады.
Белгілі болғандай, оқиға 21 қазан күні кешкі ас уақытында болған.
Әлеуметтік желі қолданушысының айтуынша, оның атасы мемлекет берген тегін жолдамамен «Бурабай» шипажайына сауықтыруға барған.
«45-үстелге берілген нанның көгергені анық көрінеді, иісі де жағымсыз. Ауыстыруды сұрағанда, тағы да ескірген нан берген. Атам тіпті бір тістеп қойған», – деп жазды жазба авторы Тreads желісінде.
Ол шипажайда тағам сапасын кім бақылайтынын және мұндай жағдайға кім жауап беретінін сұрады.
Шипажайда қызметтік тексеріс басталды
ҚР ДСМ Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының Халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Марлан Есілбаевтың айтуынша, «Бурабай» емдеу-сауықтыру кешенінде тамақтану Қазақстан Республикасының санитариялық заңнамасына сәйкес ұйымдастырылуға тиіс.
«Әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа сәйкес, кешен әкімшілігі болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және жауапты қызметкерлердің іс-әрекеттерін бағалау үшін қызметтік тергеуді бастады», – деді ол.
Оның сөзінше, тексеру қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлерге тиісті тәртіптік шаралар қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар кешен әкімшілігі келіп түсетін азық-түліктің сапасына, оны сақтау шарттары мен мерзімдеріне, сондай-ақ дайын тағамды демалушыларға ұсынар алдындағы сапасына бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.
«Азық-түлік қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету кешен жұмысының басымдықтарының бірі болып табылады», – деді ол.
Марлан Есілбаевтың айтуынша, жазба авторы айтқан 45 үстелде оның атасы болмаған, тек әйел адамдар отырған. Дегенмен тексеру жұмыстары жалғасады.
«Негізі ол жерде тамақ сапасы қатаң бақыланады. Неге осындай өнім үстелге келді, соны қазір тексеріп жатыр. Басқа айтарым жоқ әзірше», – деді шипажай өкілі.
Редакция тексеру аяқталғаннан кейін қосымша материал жазады.