Тоқаев әйгілі испаниялық клубтың басшысын қабылдап, футболды дамыту мәселесін талқылады

Автор: Асыл Арман

Ол Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымы туралы оң пікір білдірді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Испанияның әйгілі «Атлетико Мадрид» футбол клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико Мадрид» футбол клубымен табысты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Мигель Анхель Хиль Мариннің Қазақстанға сапары серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан заманауи футбол инфрақұрылымына, жаттығу базасына және жас ойыншыларды даярлау бағдарламасына белсенді түрде инвестиция құйып жатыр. Сонымен қатар елдегі футбол клубтарын жекешелендіру үдерісі жалғасуда.

Бұдан бөлек, президент ФИФА-мен бірге барлық өңірде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу жұмыстары қолға алынғанына назар аударды.

«Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Испания құрамасы мен испаниялық футбол мектебінің жетістіктеріне айрықша тоқталып, осы озық тәжірибені терең зерделеуге және оны қазақстандық дарынды ойыншылардың жаңа буынын тәрбиелеу ісінде пайдалануға мүдделі екенімізді атап өтті. «Атлетико Мадрид» клубының бас директоры елімізде футболды қолдауға ерекше назар аударғаны үшін президентке ризашылығын жеткізді», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Ол Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымы туралы оң пікір білдіріп, оның келешекте футболға арналған үздік оқу-жаттығу кешендерінің бірі болатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Мигель Анхель Хиль Маринді Қазақстанда футболдың дамуына қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.