Азық-түліктен қысқы киімге дейін: Ақтөбеде Республика күніне орай ерекше акциялар өтіп жатыр

«Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары 21 қазан күні басталып, 27 қазанға дейін жалғасад

Азық-түліктен қысқы киімге дейін: Ақтөбеде Республика күніне орай ерекше акциялар өтіп жатыр
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Еліміздің барлық өңірінде Республика күніне орай «Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары өтіп жатыр. Жалпыреспубликалық акцияға Ақтөбе облысы да үлес қосуда. Бұл бастаманы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар қолға алып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Republic Day» және «Bereke Fest» акциялары 21 қазан күні басталып, 27 қазанға дейін жалғасады. Осы күндері қала тұрғындары күзгі киім-кешек, азық-түлік және тұрмыстық тауарларды тиімді бағамен сатып ала алады.

Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеевтің айтуынша, акциялар тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, сауда орындарындағы белсенділікті де арттырады.

«Republic Day» акциясына «Алтай» базары мен «Keruen City», «Нұрдәулет», «Астана», «Мега Шығыс», «City Shopping Center» және «Айна» сауда орталықтары қатысып жатыр. Қазір күзгі күртешелерге, бас киімдер мен етіктерге сұраныс жоғары. Қыс жақындаған сайын кейбір күзгі киімдер жеңілдетілген бағада сатылып жатыр. Бұл – алдағы маусымға қажетті заттарды алдын ала қамдап алуға жақсы мүмкіндік», – дейді Асқар Көкеев.

Ал «Анвар» және «Дина» сауда желілерінде «Bereke Fest» акциясы өтіп жатыр. Акция аясында жұмыртқа, сүт, макарон және ұн өнімдері, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері ұсынылған. Сондай-ақ түрлі жармалар, шырындар, кондитерлік өнімдер, қағаз майлықтар мен тұрмыстық заттарды да арзан бағада сатып алуға болады.

«Мереке қарсаңында ұйымдастырылған акциялардың басты мақсаты – тұрғындарға қажетті тауарларды қолайлы бағада алуға мүмкіндік беру. Әсіресе күнделікті тұтынатын өнімдер мен маусымдық киімдерге жеңілдіктердің ұсынылуы отбасылық бюджетті үнемдеуге көмектеседі. Сондықтан қала тұрғындарын акциялар аясындағы ұсыныстар жайлы толық біліп, өздеріне қолайлысын алуға шақырамыз», – деді бөлім басшысы.