Осы уақыт ішінде 130 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 1,3 млн тал егілді
Қазақстанда соңғы жеті жылда экология саласында бірқатар өзгеріс болды. Жаңа Экологиялық кодекс қабылданып, орман алқаптарын қалпына келтіру, қалдықтарды қайта өңдеу және өндіріс орындарының қоршаған ортаға әсерін азайту бағытында көп іс атқарылды. Ал 2026 жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына 7 млн-нан астам адам қатысқан. Осы уақыт ішінде 130 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 1,3 млн тал егілді. Azattyq Rýhy соңғы жылдарда экология саласында болған негізгі жаңалықтарға шолу жасады.
1,6 млрд-тан астам ағаш егілді
Соңғы жылдары табиғи аумақтарды қалпына келтіруге басымдық берілді. Мемлекеттік орман қорының аумағы 850 мың гектарға ұлғайып, елдің орманмен қамтылу деңгейі 5,15 пайызға жетті.
2021-2025 жылдары елді мекендерде 18,1 млн ағаш егілді. Ал мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд 648 млн-нан астам ағаш егілді. Құрғаған Арал теңізінің табанында 1,1 млн гектар аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілді.
Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі 3 млн гектардан астам аумаққа енгізілді. Орман және табиғат қорғау ұйымдарының материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі 58 пайыздан 92 пайызға дейін өсті. Бұл ұйымдарға 2 204 бірлік өрт сөндіру және патрульдік техника сатып алынды.
Қалдықтарды сұрыптау үлесі 30 пайыздан асты
Экология саласындағы негізгі мәселелердің бірі – тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеу. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,6 пайызға жетті.
Қалдықтарды басқару жобаларын іске асыру үшін 185 млрд теңге көлемінде жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылды. Алматы, Астана және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары бойынша жалпы құны 293,3 млрд теңге болатын үш инвестициялық келісім жасалды.
Ғарыштық мониторинг арқылы заңсыз қоқыс орындарын анықтау жұмыстары қамтитын елді мекендер саны 16-дан 46-ға дейін өсті. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 2026 жылдың есепті кезеңінде 2 637 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 2 192-сі жойылды.
Ірі кәсіпорындардың қалдықтары азайды
Өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайту үшін де бірқатар шара қолға алынды. 90 ірі кәсіпорында ауаға тарайтын зиянды заттарды нақты уақыт режимінде бақылайтын автоматтандырылған жүйелер енді.
Ең ірі 50 кәсіпорынның ластаушы заттар шығарындылары 148 мың тоннаға немесе 7,2 пайызға азайды. Сонымен қатар өндірістерді жаңғыртуға және экологиялық талаптарды сақтауға бағытталған 36 кешенді экологиялық рұқсат берілді.
Экологиялық ақпаратты жинақтау үшін ұлттық деректер банкі құрылып, кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін бағалауға арналған цифрлық құралдар енгізіле бастады.
Экологиялық мәдениетке басымдық берілді
2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында елді мекендерді тазарту, көгалдандыру және халықтың экологиялық сауатын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2026 жылдың есепті кезеңінде 753 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 6,9 млн адам, оның ішінде 985 мың ерікті қатысты. Іс-шаралар барысында 1,1 млн гектар аумақ тазартылып, 844 мың тонна қалдық жиналып, шығарылды. Сондай-ақ 1,3 млн-нан астам ағаш отырғызылды.
Экологиялық тәрбие беру жұмыстары білім беру ұйымдарында да жалғасып келеді. «Жасыл балабақша» жобасы аясында 295 мектепке дейінгі ұйым құрылып, 1 748 педагог арнайы оқытудан өтті. Мектептерде экологиялық тәрбиеге арналған 158 мыңнан астам сынып сағаты өткізілді.
Халықтың өтініштерін қабылдау үшін TazaQazBot Telegram чат-боты жұмыс істейді. Азаматтар оның көмегімен қоқыс, тазалық, көшелерді абаттандыру және басқа да мәселелер туралы фото мен геолокацияны тіркеп, хабарлай алады. 2026 жылғы мәлімет бойынша, чат-ботқа 60 мыңнан астам өтініш түскен.
Жойылып кеткен жануарларды табиғатқа қайтару
Биоалуантүрлілікті сақтау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанда жолбарыс пен Пржевальский жылқысын тарихи мекеніне қайтару жобалары қолға алынды.
2026 жылғы 31 шілдеде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында Үміт атты ұрғашы Амур жолбарысы табиғи ортаға жіберілді. Жануардың қозғалысын бақылау үшін оған спутниктік қарғыбау орнатылды.
Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру жобасы аясында 2024 жылдан бастап Қазақстанға жануарлар әкелініп, олардың бір бөлігі табиғи ортаға жіберілді. 2026 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстандағы жылқылардың жалпы саны 22-ге жетті. Оның екеуі елімізде дүниеге келген құлындар.
Осылайша, соңғы жеті жылда Қазақстанда экология саласындағы жұмыс заңнаманы жаңартудан бастап орманды қалпына келтіруге, қалдықтарды басқаруға және сирек жануарларды табиғи ортаға қайтаруға дейінгі бірнеше бағытты қамтыды. Ал «Таза Қазақстан» бастамасы азаматтарды тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына тартуға бағытталған жалпыұлттық қозғалысқа айналды.