«Қазақстанда жарты мыңға жуық көпір апатты жағдайда»: депутат көпірлерді жаңғыртуға арналған жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынды

Автор: Махан Миражан

«Әділет» фракциясының мүшесі премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына депутаттық сауал жолдады

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақстанда жыл басындағы есеп бойынша 3623 көпір бар. Олардың 142-сі апатты жағдайда, ал 420 көпірдің жай-күйі қанағаттанарлықсыз екені белгілі болды. Бұл сандарға қарап, жол азабын, көпір машақатын көріп отырған халықтың жағдайы толғандырады. Себебі көктем келіп қар ерісе, сел жүрсе, жауын жауса, тіпті қатты жел тұрса сапасы сын беріп, жөндеу көрмеген көпірлер құлап, тасжолдар үгітіліп жатады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тоқаев елдегі жолдардың сапасын «ахиллес өкшесі» деп атады

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де мәселені ашық айтып, Үкіметке және әкімдіктерге жол сапасына ерекше назар аудару керегін ескертті. Президент жолдардың сапасын елдің «ахиллес өкшесі» деп атап, осы саладағы тәртіпті ретке келтіруді талап етті.

«Бұл – біздің ең осал тұсымыз. Оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз», - деген еді президент. 

Тіпті жақында Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» компаниясының басшысы Дархан Иманашевтың жұмысын сынға алып, қызметін дұрыс атқармаса орнынан босататыны туралы да ашық айтқан еді. Демек, Үкімет өңірдегі жол сапасының ахуалымен бейхабар емес. Мәселені көре тұра оны ретке келтіруге асығар емес. Депутат, «Әділет» фракциясының мүшесі Тұрарбек Тілемісов те Құрылтайда осы өзекті мәселені көтеріп, Үкіметке ұсыныстарын жолдады. Тілемісов жол сапасын айтпағанда, Қазақстанда көпірі жоқ өңірлерде барын айтты.  

Тозығы жеткен көпірлердің ең көбі Қызылорда мен Түркістанда

Депутаттың дерегінше, елдегі 3 623 көпірдің 1 488-і республикалық маңызы бар жолдарда, ал 2 135-і жергілікті маңызы бар жолдарда орналасқан. 142 көпір апатты жағдайда, оның 141-і жергілікті жол желісіне тиесілі. Бұдан бөлек, жергілікті жолдардағы тағы 420 көпірдің жай-күйі қанағаттанарлықсыз.

«Апатты жағдайдағы көпірлердің басым бөлігі екі өңірде шоғырланған: Қызылорда облысында – 87, Түркістан облысында 50 көпір. Ұлытау облысында 24 көпірдің 21-і, Батыс Қазақстан облысында 51 көпірдің 44-і қанағаттанарлықсыз жағдайда. Жергілікті жолдардағы көпірлердің небәрі 31,5 пайызы жақсы жағдайда болса, республикалық жолдардағы бұл көрсеткіш 50,5 пайыз. Көптеген ауыл тұрғындары үшін мұндай көпірлер аудан орталығымен, мектеппен және ауруханамен байланыстыратын жалғыз жол болып отыр», - дейді Құрылтай депутаты.

Депутат осы мәселелерге тоқтала келе, Үкіметке бірқатар ұсынысын айтты.

Біріншіден, 2027-2031 жылдарға арналған республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қамтитын көпір шаруашылығын күтіп-ұстау және реконструкциялау жөніндегі бірыңғай бағдарламаны әзірлеп, бекіту. Бұл ретте облыс әкімдіктерін бағдарламаны бірлесіп іске асыруға жауапты тараптар ретінде айқындап, өңірлік жоспарларды бекіту қажет.

Екіншіден, жергілікті жол желісіндегі көпірлерді бірыңғай әдістеме бойынша жаппай түгендеп, паспорттау және оларға көпірлерді пайдалану жөніндегі басқару жүйесін енгізу.

Үшіншіден, апатты жағдайдағы 142 көпірдің әрқайсысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданған шаралар, жобалық-сметалық құжаттаманың бар-жоғы және әр нысандағы жұмыстың басталу мерзімі туралы ақпарат ұсыну.

Төртіншіден, 2023-2026 жылдар аралығында көпір құрылыстарына нақты жұмсалған қаражат туралы деректерді және 2031 жылға дейінгі қаржы қажеттілігінің есебін ұсыну.

Үкіметті күтпей көпірді өздері салып алған ауыл

Түркістан облысына қарасты Келес ауданының Қошқарата ауылының тұрғындары бір жылға жуық уақыттан бері көпір машақатын көріп келеді. Ауыл тұрғыны Айбек Смаиловпен сөйлескенімізде, өңірде әлі де көпірдің жыры шешілмегенін айтып берді.

Былтыр желтоқсанда әбден тозығы жеткен көпір опырылып құлап тұрғындарды әбігерге түсірген. Халық бірден қаржы жинап, өздері жаяу жүргіншілерге арналған өткел салған. Бірақ бүгінгі күнге дейін жаяу жүргіншілерге арналған өткелмен көлік те қатынап жүргенге ұқсайды. Уақытша өткелдің ұзындығы 35 метрге дейін жетеді. Айбек Смаиловтың айтуынша, өткелді екі жағынан бетонмен тұрғызып, үстінен жолақты орната салғандықтан кез келген уақытта құлап кетуі де әбден мүмкін.

«Адамдар көпірден өткенде жүргізушілер күтіп тұрады. Олар өтіп болған соң ғана көлік жүреді. Ал керісінше, көпірден көлік өтіп бара жатқанда адамдар оларға жол беруге мәжбүр болады. Осылайша, ауыл халқы күн көріп отыр», - дейді тұрғын.

Наурыз айында халық қаржы жинап, жүк көліктерінің қатынауы үшін айналма жолмен тас төсеген көрінеді. Бірақ оның өзі шалғай орналасқандықтан халықтың қатынауына қолайсыз екен.

Осыдан 10 күн бұрын Түркістан облысына қарасты жол басқармасы өңірде көпір құрылысын бастапты. Көпір құрылысы 6 айда толық аяқталады деп жоспарланған. Бірақ Айбек Самилов көпірдің құрылысы тым ұзаққа созылып кетеді ме жұмысты өз бақылауына алған. Себебі бір жылға жуық көпір машақатын көріп келе жатқан тұрғындар мәселе тез арада шешімін таба қояды дегенге сенбейді.

Сөзінше, биыл Келес өзені үстінен салынатын көпір құрылысына 100 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал жалпы көлемі 700 млн теңгеге дейін қаржы есептеліп отыр. Қаржының қалған бөлігі келесі жылы бюджеттен бөлінеді деп сендірген.

Қазақстандағы көпірлердің 80 пайызы өткен ғасырда салынған

Жол саласының тәуелсіз сарапшысы Дархан Сақанов осылай дей келе, олардың көбі пайдалану мерзімін өтеп қойғанын атап өтті.  Оның айтуынша, жол төсемінің сапасы мен көпірдің техникалық жағдайы – екі бөлек мәселе.

«Жергілікті жолдардағы көпірлердің шамамен 80 пайызы 1960-1970 жылдары салынған. Сондықтан олардың едәуір бөлігіне күрделі жөндеуді қажет. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдар мен олардың бойындағы инженерлік құрылыстар жергілікті атқарушы органдардың қарауына жатады. Ал республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көбіне жолдарға бағытталады. Нәтижесінде көпірлер жолдың басқа учаскелерімен қаржы үшін бәсекеге түседі. Кей жағдайда бір көпірді жөндегеннен гөрі, сол ақшаға ондаған шақырым жолды жөндеу тиімдірек деп есептеледі. Сөйтіп, көпір мәселесі кейінге қалып қояды», – дейді Дархан Сақанов.

Сарапшы осындай теңсіздіктің салдарынан шалғай өңірдегі әкімдіктер күрделі жөндеуді іске асыра алмай, бюджеттен қаржының бөлінуін жылдап күтуге мәжбүр болатынын айтады.

«Шалғайдағы ауыл үшін көпір көбіне сыртқы әлеммен байланыстыратын жалғыз жол болады. Егер оны жауып тастаса немесе қозғалысқа шектеу қойса, ауылға жедел жәрдем де, өрт сөндіру қызметі де, азық-түлік пен жанармай таситын көліктер де жете алмайды. Балаларды көрші елді мекендердегі мектептерге жеткізетін автобустар да өте алмайды», – дейді ол.

Дархан Сақановтың пікірінше, көпірлерді күтіп ұстаудағы негізгі проблемалардың бірі – алдын ала әрекет етудің орнына, ақау пайда болғаннан кейін ғана жөндеуге кірісу.

«Ең үлкен қауіп – біз көбіне бұзылған нысанды апаттық жағдайда жөндеуге кірісеміз. Ал уақытында ағымдағы немесе орташа жөндеу жүргізуге болатын көпірлер кейін бұзылып, оларды бұзу немесе орнына жаңасын салу қажеттілігі туындайды. Мұның өзі әлдеқайда қымбатқа түседі. Толық қираған көпірді қалпына келтіру құны оны уақытында күрделі жөндеуден өткізуге кететін шығыннан бес-жеті есе жоғары болуы мүмкін», - дейді Сақанов.

Бұған қоса, көпірлердің жарамсыз күйге түсуі елдің көлік-логистикалық байланысына да қауіп төндіреді. Жергілікті жолдар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын, соның ішінде халықаралық көлік дәліздерін өзара байланыстырады. Сондықтан бір көпірдің жабылуы кейде бірнеше елді мекеннің қатынасына әсер етуі мүмкін.

Елдегі көпірлердің техникалық жағдайы цифрланбаған

Депутаттың да, сарапшы-маманның да сөзіне үнілсек, Қазақстанда жол-көпір құрылысының техникалық жағдайы толық цифрланбаған. Сондықтан Дархан Сақанов көпірлерді тиімді басқару үшін алдымен олардың нақты техникалық жағдайы туралы толық мәлімет жинау қажет екенін айтады. Оның сөзінше, жергілікті жолдардағы бірқатар көпір бірнеше жылдан бері тексерілмеген, ал кейбірінде өзекті техникалық паспорттар жоқ.

«Көпірдің техникалық паспортында оның қашан салынғаны, негізгі өлшемдері мен техникалық сипаттамалары, құрылыс жұмыстарын қандай мердігер жүргізгені және техникалық қадағалауға кім жауапты болғаны көрсетілуге тиіс. Кейін қандай жөндеу жұмыстары жүргізілгені, қай бөліктері қалпына келтірілгені туралы ақпарат та болуы қажет. Бұған қоса, көпірдің жүк көтеру мүмкіндігі нақты көрсетілуі керек», – дейді Дархан Сақанов.

Сарапшы жол саласындағы «ҚазжолҒЗИ» ғылыми-зерттеу институтында көпірлер туралы ақпарат жинақтайтын жүйе бар екенін атап өтті. Алайда оның айтуынша, бұл жүйеде негізінен республикалық маңызы бар жолдардағы көпірлер туралы мәліметтер қамтылған. Енді оған жергілікті жолдардағы көпірлер туралы деректерді де енгізу қажет.

«Көпірлердің нақты санын, техникалық параметрлерін және жүк көтеру мүмкіндігін білуіміз керек. Сонда ақпараттық жүйе арқылы олардың жағдайын бақылап, жөндеу мерзімдерін алдын ала жоспарлауға болады. Тіпті жасанды интеллект көмегімен де нысандардың қызмет ету мерзімін талдап, жөндеуаралық кезеңдерді сақтауға мүмкіндік бар. Бұл инженерлік құрылыстардың қызмет ету мерзімін ұзартуға көмектеседі», – дейді ол.

Дархан Сақанов көпірлерді жаңғыртуға арналған жеке бағдарлама қажет деп есептейді. Оның пікірінше, мәселені тек апаттық жағдайға жеткен нысандарды жөндеумен шектемей, техникалық бақылауды күшейту, мәліметтерді жүйелеу және ұзақ мерзімді қаржыландыру арқылы шешу керек.

Қазақстанда білікті маман жоқ

Көпір құрылысы бойынша техникалық маман Мұрат Әліпбаевтың айтуынша, Қазақстанда көпір құрылыс бойынша бейінді маман тапшы, сондықтан нормативтік талаптар Ресейдің нормативтік құжаттары негізінде әзірленеді.

«Бізде нормативтік құжаттар бар, бірақ оларды сақтамаймыз. Оны тиісті біліктілігі жоқ адамдар қолға алады. Сондықтан нормативтік құжаттармен жұмыс істегенде Ресейдің талаптарын пайдаланып жатамыз. Бізде көпір саласын терең білетін сарапшылар өте аз. Тіпті кейбір маман қажетті техникалық терминдерді де дұрыс меңгермеген. Олардың білімі өнеркәсіптік және азаматтық құрылысқа, яғни ғимараттар мен құрылыстарға бағытталған. Ал көпір құрылысы – бөлек сала. Студенттердің оқу бағдарламасындағы пәндер үшінші курстан бастап-ақ ерекшеленеді, төртінші курста айырмашылық одан әрі артады. Соған қарамастан, ғимараттар мен құрылыстар бойынша білім алған мамандар көпірлерді де тексеріп, жобалап, салып жүр», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, көпір құрылысына маманданған жобалау ұйымдарында дәл осы сала бойынша білімі мен тәжірибесі бар инженерлер жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар мамандар қатаң талаппен жұмыс істеу маңызды екенін ескерте кетті.

«Бірнеше жыл бұрын жолайрықтың опырылып құлаған жағдайы болды. Бұл бізде құрылыс жұмыстарын жүргізу жобасын әзірлеудің өзі қаншалықты маңызды екенін толық түсінбейтінімізді көрсетеді. Мұндай құжатты жобалаушылар дайындайды. Жобалау ұйымдарында жалпы құрылыс мамандары ғана емес, көпір саласына маманданған инженерлер жұмыс істеуі қажет», – дейді Мұрат Әліпбаев.

Оның сөзінше, Қазақстанда кейбір көпір нысандарын мамандандырылған ұйымдардың орнына коммуналдық қызметтер салады.

«Мысалы, әл-Фараби мен Достық даңғылдарының қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелін алайық. Оны кім салғанын білесіз бе? Коммуналдық шаруашылық. Ал Ресейде мұндай нысандарды көпір салуға маманданған ұйымдар тұрғызады. Онда осы бағытта арнайы білім алған, көпір құрылысын жақсы білетін мамандар жұмыс істейді», – дейді сарапшы.

Ол көпірлердің басқа құрылыс нысандарынан күрделілігі кем емес екенін, ал оларды жобалау мен салу кезінде бірнеше инженерлік факторды қатар ескеру керектігін түсіндірді.

«Көпір – аса жауапты инженерлік құрылыс. Оған үлкен жүктеме түседі, тербелістер пайда болады. Сонымен бірге судың әсерін, гидравликаны және топырақтың қасиеттерін есепке алу қажет. Мұның бәрі күрделі есептеулерді талап етеді. Бірақ осы ерекшеліктерді ескермей, көпірлерді тексеруге және салуға тиісті бейінді білімі жоқ мамандарды жібереді», – деп түйіндеді Мұрат Әліпбаев.