Пәкістанмен кедендік ақпарат алмасу: қазақстандықтардың жеке деректері қалай қорғалады
Қаржы министрі қазақстандықтардың дербес деректері құпия ұсталатынын түсіндірді
Қазақстан мен Пәкістан арасындағы кеден саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында ақпарат алмасу кезінде қазақстандық азаматтардың дербес деректері мен кәсіпкерлердің коммерциялық ақпараты қалай қорғалатыны туралы мәселе көтерілді. Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова бұл жөнінде қаржы министрі Мәди Такиевке сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, қарастырылып отырған келісім аясында тұлғалардың дербес деректері, сыртқы сауда операциялары мен тиісті құжаттар туралы мәліметтер алмасу көзделген. Осыған байланысты ол қазақстандықтардың жеке деректері мен отандық кәсіпкерлердің коммерциялық ақпаратының қауіпсіздігіне қандай кепілдік берілетінін сұрады.
«Жалпы Пәкістанның құзыретті органдарына берген кезде Қазақстан азаматтарының дербес деректерін және отандық кәсіпкерлердің коммерциялық ақпараттарын қорғау бойынша қандай кепілдік көзделген? Сонымен қатар бұл ақпаратты пайдалануға кім жауап береді және ақпарат рұқсатсыз тараған жағдайда қандай жауапкершілік көзделген?» – деді Лаура Қарабасова.
Депутаттың бұл сұрағына жауап берген қаржы министрі Мәди Такиев келісімде ақпаратты қорғауға қатысты тиісті ережелер қарастырылғанын айтты. Оның сөзінше, шетелдік тараптан сұраныс түскен жағдайда, алдымен оны Мемлекеттік кірістер комитеті талдайды.
«Келісімде ондай баптар қарастырылған. Жалпы сұраныс келгенде оны арнайы комитет талдайды. Біздің кәсіпкерлер жайлы ашық ақпарат берілмейді. Одан басқа бізге келетін ақпарат құпия болып саналады», – деді министр.
Алайда Мәди Такиев депутаттың ақпарат рұқсатсыз тараған жағдайда кім жауап беретіні және қандай жауапкершілік көзделетіні туралы сұрағына нақты түсініктеме берген жоқ.