Құжатқа 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабадта қол қойылған
Құрылтай Қазақстан мен Пәкістан арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжатқа 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабадта қол қойылған.
Министрдің айтуынша, келісім екі елдің құзыретті органдары арасындағы байланысты нығайтып, кеден саласындағы ынтымақтастықтың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға бағытталған.
«Аталған келісім ақпаратпен жедел алмасу, қауіп-қатерлердің алдын алу және жолын кесу жөніндегі шараларды келісу, сондай-ақ тұрақты әрі тиімді шараларды қамтамасыз ете отырып, құзыретті органдардың байланысын үйлестіру мақсатында әзірленді», — деді Мәди Такиев.
Оның сөзінше, келісім екі елдің кеден қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды жүйелеуге және кеден саласындағы бірлескен шараларды уақытылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
«Келісімді ратификациялау өзара байланыстың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға және кеден ісі саласындағы ынтымақтастықты дер кезінде қамтамасыз етуге, оның ішінде ақпаратпен жедел алмасуды және осы саладағы ынтымақтастық жөніндегі шараларды келісуге мүмкіндік береді», деді министр.
Мәди Такиев келісімді іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ құжатты жүзеге асыру кеден заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етпейді.