Елшілік жанынан кеден өкілдігі жұмыс істейді: Қазақстан мен Өзбекстан жаңа келісім жасасты

2025 жылғы 15 қарашада Ташкент қаласында жасалған келісімді қаржы министрі Мәди Такиев таныстырды

Елшілік жанынан кеден өкілдігі жұмыс істейді: Қазақстан мен Өзбекстан жаңа келісім жасасты
Фото: Құрылтай

Құрылтай Қазақстан мен Өзбекстан арасында кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2025 жылғы 15 қарашада Ташкент қаласында жасалған келісімнің мәнін қаржы министрі Мәди Такиев таныстырды.

Министрдің айтуынша, келісім кеден саласындағы ынтымақтастықтың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға бағытталған. Құжатта жедел ақпарат алмасу, кеден ісіндегі бірлескен шараларды келісу және құзыретті органдардың жұмысын үйлестіру қарастырылған.

«Келісімді ратификациялау кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға және мемлекетаралық өзара сауданы дамытуға ықпал ететін Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметтерінің өзара байланысының қосымша институционалдық механизмін жасайды», - деді Мәди Такиев.

Министр Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында қазір 11 өткізу пункті жұмыс істейтінін айтты. Оның сегізі автомобиль, үшеуі теміржол көлігіне арналған.

2025 жылы «Қапланбек», «Қазығұрт» және «Атамекен» өткізу пункттерін реконструкциялау аяқталған. Ал «Жібек жолы» өткізу пунктін пайдалануға беру жоспарланған.

Мәди Такиевтің сөзінше, жаңғырту жұмыстары жолаушыларды, жүктерді және автомобильдерді өткізу мүмкіндігін бірнеше есе арттырған.

Министр жаңа келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейтінін де атап өтті.

«Осы Келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындарды, сондай-ақ кеден заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етпейді және мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне кері әсерін тигізбейді», деді ол.