Үш ірі қала алдыңғы орында тұр
Былтыр Қазақстанда 20,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,1%-ға көп. Құрылыс көлемі бойынша Астана, Алматы және Шымкент қалалары көш бастаса, тұрғын үй құрылысының ең жоғары өсімі Жетісу облысында тіркелді. Жаңа баспананың басым бөлігі жеке құрылыс салушылар мен жер үйлердің есебінен толықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы қаңтар-желтоқсан айларында елімізде жалпы ауданы 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 5,1%-ға жоғары. Оның 13,5 млн шаршы метрі көппәтерлі үйлерге, 6,4 млн шаршы метрі жеке тұрғын үйлерге тиесілі.
Былтыр 37 219 тұрғын ғимараты пайдалануға берілді. Оның 2 591-і – көппәтерлі үйлер. Жыл қорытындысы бойынша 185,8 мың пәтерге иелері қоныстанды.
Аталған көрсеткіштер елдегі тұрғын үй қорының толығып жатқанын аңғартады. Алайда жаңа баспаналардың көлемін бағалағанда көппәтерлі үйлер мен жеке тұрғын үй құрылысының арақатынасын ескерген жөн.
Жаңа тұрғын үй көлемі бойынша еліміздің үш ірі қаласы алдыңғы орынға шықты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы көрсеткіштер мынадай:
Осы үш қалада пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы шамамен 8,8 млн шаршы метрге жетті. Бұл республика бойынша салынған баспананың 44 пайызын алады. Астана тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша көш бастайды. Елордада бір жылда 4,8 млн шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілсе, Алматыда бұл көрсеткіш 2,6 млн шаршы метрден асты. Шымкентте 1,38 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Өңірлердегі өсім қарқынына келсек, ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында тіркелді. Мұнда тұрғын үй құрылысының көлемі бір жылда 11%-ға артқан. Алматы облысында өсім 10,2%-ды, Қарағанды облысында 9% болды.
Құрылыс көлемі жағынан ірі қалалар алда болғанымен, жылдық өсім қарқыны бойынша жекелеген облыстар да жоғары нәтиже көрсетті.
Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйдің негізгі бөлігі жеке құрылыс компанияларының үлесіне тиесілі. 2025 жылы олар 18,1 млн шаршы метр баспананы сатты. Бұл жалпы көлемнің шамамен 90%-на жуықтайды. Сонымен бірге жеке тұрғын үй құрылысы да елдегі баспана қорын толықтыруға елеулі үлес қосып отыр, мәселен бір жылда 7,12 млн шаршы метр жер үй салынған.
Мемлекеттік меншік есебінен пайдалануға берілген тұрғын үйдің ауданы 1,61 млн шаршы метр болса, шетелдік меншік есебінен салынған баспана көлемі 395,2 мың шаршы метрге жеткен.
Айта кету керек, азаматтардың өз қаражатына салған үйлері жеке меншік есебінен пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің құрамына кіреді. Сондықтан бұл көрсеткіштерді бір-біріне қосып, жалпы көлемді есептеуге болмайды.
Тұрғын үй құрылысының артуымен қатар, Қазақстандағы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі де өскен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 15,9%-ға артып, 10 704,8 млрд теңгені құрады. Құрылыс саласының даму қарқынын жаңа үйлердің санымен ғана бағалауға болмайды. Тұрғын үй көлемі артқан сайын, жаңа аудандардағы жолдарға, сумен жабдықтау және жылу жүйелеріне, сондай-ақ мектептер мен балабақшаларға деген қажеттілік артады. Жаңа тұрғын үйлерді халықтың игілігіне айналдыру үшін олардың сапасы, қолжетімділігі, орналасқан жеріндегі әлеуметтік нысандардың болуы ескеру қажет.