Жылына – 300 мың тонна: Тоқаев Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты

Автор: Асыл Арман

Қазақстанда жылына шамамен 160 млн тонна кен өндіріледі, 3,5 млн тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір режимінде Ақтоғай мыс балқыту зауытының құрылысын бастау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, президент салтанатты рәсімде сөз сөйлеп, Абай облысындағы Ақтоғай кен орнында салынатын мыс балқыту зауытын тұтас ел экономикасының өркендеуіне тың серпін беретін аса маңызды жобаның бірі деп атады.

«Тау-кен металлургиясы мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор сала екені белгілі. Мен былтыр халыққа Жолдауымда осы мәселеге арнайы тоқталдым, нақты міндеттерді айқындадым. Сондықтан жаңа зауыттың құрылысын осы бағытта істеліп жатқан белсенді жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады. Баршаңызға мәлім, бүгінде Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басты. Біз біртұтас әрі жасампаз жұрт болып аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатырмыз. Ең бастысы, жарқын болашағымызға бағдар болатын Конституциямызды қабылдадық. Конституцияда ұлтымыздың мызғымас құндылықтары мен қағидаттары толық көрініс тапты. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру стратегиялық міндет ретінде айқындалды. Осындай өндірістік жобалар, ең алдымен, еліміздің игілігін арттыруды көздейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөз арасында Қазақстанның көптеген пайдалы қазбаға ие ел ретінде осы табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға барлық күш-жігерін салып жатқанына назар аударды.

Елімізде 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Қазақстанда жылына шамамен 160 миллион тонна кен өндіріледі. 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады.

«Жалпы, еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны жақсы деп айтуға болады. Былтыр өңдеу саласындағы жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жетті. Соңғы үш жылда еліміздің барлық аймағында 540 индустриялық жоба іске қосылды. Соның арқасында 50 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды. Бүгін де бәріміз тағы бір өндірістің басталуына куә болып отырмыз. Бұл – ел экономикасына серпін беретін маңызды оқиға. Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Осы зауыт іске қосылған соң Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші елдердің ондығына кіре алады. Бұдан бөлек, аталған кәсіпорында алтын және күкірт қышқылы өндірілмек. Бір сөзбен, бұл ауқымды жоба отандық металлургия саласының дамуына қомақты үлес қосатыны сөзсіз», – деді мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде кәсіпорын акционерлерінің алдында өте маңызды міндеттер тұрғанын ерекше қозғап өтті.

«Әсіресе, жұмысшылардың заңды әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету қажет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты мәні де – осы. Үкімет, жергілікті билік өкілдері еңбек ұжымдарымен тығыз байланыс орнатып, белсенді жұмыс істеуі керек. Бұл жұмыс «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасына сәйкес жүргізілуге тиіс», – деді мемлекет басшысы.