Еріктілер Арал теңізінің құрғап кеткен табанына сексеуіл егеді

Экологиялық акция қоршаған ортаны қорғауға арналған

Еріктілер Арал теңізінің құрғап кеткен табанына сексеуіл егеді
Фото: Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы

Халықаралық волонтерлер апталығына орай еріктілер Арал ауданына аттанды. Олар теңіздің кеуіп қалған ұлтанына сексеуіл көшетін егеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

21 қазанда экология және волонтерлік қызмет бағыттарын қамтитын екі бөлімнен тұратын секциялық жұмыстар ұйымдастырылады. Волонтерлер тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылайды. Бағдарлама аясында Қамбаш тынығу лагерінің аумағына тал көшеттерін егеді. Содан кейін, 22 қазанда, Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл ағаштарын отырғызады. Бұл экологиялық акция теңіз табанын көгалдандыруға, табиғи ортаны қалпына келтіруге және қоршаған ортаны қорғауға арналған. 23 қазанда Арал қаласында аудандық балықшылар музейіне, Ә. Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне және «Руханият орталығына» экскурсиялар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар балық өнімдері, қолөнер бұйымдары мен жергілікті кәсіпкерлердің жәрмеңкесі өтеді. Халықаралық волонтерлер апталығының қорытынды жиыны «Руханият орталығында» ұйымдастырылып, салтанатты жабылу рәсімі өтеді.

Айта кетейік, бүгін Қызылордада Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы ашылды. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды. Жиынға Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген 100 волонтер және облыстағы 500-ден астам белсенді студенттер мен ерікті жастар қатысты.

Іс-шара табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға, волонтерлерді ортақ игі іске жұмылдыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталды.