Синоптиктер еліміздің басым бөлігінде ауа райының бұзылуына байланысты шұғыл дауылды ескерту жариялады
Синоптиктер еліміздің басым бөлігінде ауа райының бұзылуына байланысты шұғыл дауылды ескерту жариялады. Алдағы тәулікте Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қою тұман түсіп, екпінді жел соғады, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста түнгі үсік сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетеді. Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларында желдің екпіні 20–28 м/с аралығында болады. Ал Қарағанды, Ұлытау, Павлодар және Абай облыстарында, сондай-ақ Семей мен Өскемен қалаларында түнде және таңертең тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Жетісу облысында, соның ішінде Талдықорғанда, түнде ауа температурасы -2…-7°С-қа дейін төмендеп, үсік жүреді. Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында топырақ бетінде -1…-3°С үсік күтіледі. Сонымен қатар Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды алыс жолға шыққанда сақтық шараларын сақтауға және ауа райы болжамын мұқият қадағалауға шақырады.