Өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына небәрі 3 минут ішінде жетті
Түркістан облысының Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің шатырынан өрт шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тілсіз жауды жедел ауыздықтап, тұрғындарды аман-есен қауіпсіз жерге көшірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше оқиға Кентау қаласындағы Төле би көшесінде орналасқан үш қабатты көппәтерлі тұрғын үйде болған. Өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына небәрі 3 минут ішінде жетті.
Құтқарушылар келген сәтте тұрғын үйдің шатыры ашық жалынмен жанып жатқан.
Өрт сөндірушілердің кәсіби әрекетінің арқасында өрт 250 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. ТЖД күштері баспалдақ маршы арқылы 32 адамды, соның ішінде 7 баланы қауіпсіз аймаққа эвакуациялады.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемін анықтау үстінде.