Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов елге оралды

Оларды әуежайдан ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, туыстары, жанкүйерлер, жас палуандар ыстық ықыласпен қарсы алды

Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов елге оралды
Фото: Спорт комитеті

Бүгін Астана қаласына грек-рим күресінен U23 жас санатындағы әлем чемпионатының жүлдегерлері мен бапкерлері елге оралды. Оларды әуежайдан ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, туыстары, жанкүйерлер, жас палуандар ыстық ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елордалық спортшы Айбек Айтбеков берген сұхбатында алтын жүлдені жуырда дүниеге келген інісіне арнайтынын айтты. 

«Алтын медаль таққан соң әнұран шырқалғандағы сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Оны тек сезіну керек. Сәтін салып, чемпионатта бапкерлерімнің көмегімен топ жардым. Маған қолдау көрсеткен барлық адамға ерекше алғыс айтамын. Осы жеңісімді жақында дүниеге келген ініме арнағым келеді»,-деп айтты спортшы. 

ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин команданың тарихи нәтижесіне тоқталып өтті.

«Биыл 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында еліміздің грек-рим күресінің шеберлері айтулы нәтиже көрсетті. Бес медаль, оның ішіндегі қос алтын - бапкерлер мен спортшылардың жүйелі еңбегінің лайықты көрінісі. Барлық жанкүйерді құттықтаймын»,-деді Руслан Есеналин.

Еске сала кетейік, Лас-Вегас қаласында 5 отандасымыз тұғыр сатысына көтерілді. Атап айтқанда, Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов алтыннан алқа тақты. Темірлан Тұрдақын күміс жүлдегер атанса, Арсен Жұма мен Джохар Узаров үздік үштікті түйіндеді.