Ұлытау облысында адасып кеткен ер адам табылды

Автор: Дәулет Ботагөз

ТЖД «112» пультіне 1982 жылы туған азаматтың жоғалғаны туралы шұғыл хабарлама түскен

Фото: ТЖМ

Ұлытау облысында Сәтбаев қаласынан саяжай алқабына қарай бет алып, жолда адасып кеткен тұрғынды құтқарушылар мен полиция қызметкерлері аман-есен тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлытау облыстық ТЖД «112» пультіне 1982 жылы туған азаматтың жоғалғаны туралы шұғыл хабарлама түскен.

Белгілі болғандай, ол Сәтбаев қаласынан «Спутник» саяжай алқабына қарай скутермен жолға шыққан. Алайда жолда көлігі бұзылып, күн бата қараңғы түскендіктен, ер адам бағытынан адасып кеткен.

Дабыл түскен бойда ТЖМ құтқарушылары мен полиция департаментінің қызметкерлері бірлескен іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Төтенше жағдай аймағында бірнеше арнайы топ құрылып, аумақ мұқият тексерілді. Жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде азамат «Спутник» саяжайынан 10 шақырым қашықтықта табылды. Табылған тұрғынның жағдайы тұрақты, ол медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға елді мекеннен тыс жерге шыққанда байланыс құралдарының қуатын тексеріп, ауа райы мен жол жағдайын ескеруді өтінеді.