Шымкентте биыл дәнді дақылдардың өнімділігі екі есеге жуық артты
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 21,1 мың гектар алқапқа егілген
Шымкентте 2026 жылы дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 15-17 центнерге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір жоғары. Қалада биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 21,1 мың гектар алқапқа егілген. Мамандар өнімділіктің артуын көктемгі жауын-шашынның қолайлы болуымен байланыстырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Хайдаровтың айтуынша, биыл дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда артқан. Қыркүйек айының соңына дейін қала шаруалары шамамен 64 мың тонна өнім жинаған. Жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 81 мың тоннаға жуықтайды деп күтіліп отыр.
2026 жылы қалада дәнді дақылдарға 6,4 мың гектар, майлы дақылдарға 3 мың гектар, мал азықтық дақылдарға 9,9 мың гектар, ал көкөніс пен бақша дақылдарына 1,8 мың гектар жер бөлінген. Ал бидай 5,3 мың гектар алқапқа егілді. Қолда бар мәлімет бойынша, одан 8,4 мың тонна өнім жиналған.
Нұрсұлтан Хайдаров өткен жылғы және биылғы өнімділік көрсеткіштерін салыстырып, ауа райының әсерін атап өтті.
«2025 жылы дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 7–10 центнерді құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 15–17 центнерге жетті. Майлы дақылдардың өнімділігі де артты. Өткен жылы гектарына 8–10 центнерден өнім алынса, биыл 10–12 центнерге дейін өсті. Көктем айларында жауын-шашынның жеткілікті болуы егіннің өсуіне қолайлы жағдай қалыптастырды», – деді ол.
Су үнемдеу технологиялары қаншалықты қолданылады
Жазғы аптап ыстық пен су ресурстарына түсетін салмақ егін шаруашылығында суару жүйелерін тиімді ұйымдастырудың маңызын арттырып отыр. Қалада қазіргі уақытта 53 шаруашылық заманауи суару әдістерін пайдаланады. Олардың жалпы қамтитын аумағы шамамен 340 гектарға жетеді.
«Соның бірі – Нұршуақ тұрғын алабындағы «Бақыт» ЖШС. Кәсіпорын егістікті суаруға Valley жаңбырлатқыш машиналарын қолданады. Мұндай жүйелер суды алқапқа біркелкі таратып, суару жұмыстарына жұмсалатын уақыт пен еңбек шығынын азайтуға мүмкіндік береді», - дейді Хайдаров.
Басқарма өкілінің мәліметінше, аталған жаңбырлатқыш қондырғылар суды 30-40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе суармалы егіншілікке тәуелді шаруашылықтар үшін маңызды.
Мамандар климаттық жағдайға бейімделу үшін суару технологияларын жаңғыртумен қатар, құрғақшылыққа төзімді дақыл сорттарын таңдап, топырақтағы ылғалды сақтау тәсілдерін қолдану қажет екенін айтады. Егіс құрылымын жердің ерекшелігіне және су ресурстарының қолжетімділігіне қарай жоспарлау да өнімділікті тұрақты ұстауға ықпал етеді.