Шымкентте 650 гектарлық жылыжай кешені салынып жатыр: жылына 155 мың тонна өнім өндіру жоспарланған

Шамамен 5 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген 

Шымкентте 650 гектарлық жылыжай кешені салынып жатыр: жылына 155 мың тонна өнім өндіру жоспарланған
Фото: ЖИ

Шымкентте ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайту мақсатында ірі жылыжай жобалары жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – жалпы аумағы 650 гектарды құрайтын «Alsera KZ» компаниясының жылыжай кешені. Жоба толық қуатына шыққан кезде жылына 155 мың тонна өнім өндіру және шамамен 5 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Хайдаровтың мәліметінше, «Alsera KZ» жобасы аясында алғашқы өнім жинала бастаған. Қазір кәсіпорын толық өндірістік қуаттылыққа шығуға дайындалып жатыр.

Бұдан бөлек, Қаратау ауданының Мәртөбе тұрғын алабында «FABE Agro» ЖШС жоғары технологиялы жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Жобаның аумағы 144 гектар болады деп көзделген.

Бұл бастамалар қаладағы ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және көкөніс өсіруде заманауи технологияларды пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жылыжай шаруашылығын дамыту жыл мезгіліне қарамастан өнім өндіру мүмкіндігін кеңейтіп, нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Нұрсұлтан Хайдаровтың айтуынша, жылыжай шаруашылықтарының тұрақты жұмыс істеуі үшін өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, шығындарды азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері де қарастырылған.

«Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында тұқым мен тыңайтқыш сатып алуға, сондай-ақ қысқы кезеңде коммуналдық шығындарды азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары бар. Бұл кәсіпорындардың өндірістік шығындарын төмендетіп, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді басқарма өкілі.

Қала өзін азық-түлікпен қаншалықты қамтамасыз етеді?

Жергілікті өндірістің дамуы азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Басқарманың мәліметінше, Шымкентте ұн, нан, макарон өнімдері және өсімдік майы өндірісі қала тұрғындарының сұранысын 100 пайыз қамтамасыз етеді. Алайда азық-түліктің басқа түрлері бойынша жергілікті өндірістің үлесі әртүрлі.

Мәселен, сиыр етіне деген қажеттіліктің 22 пайызы, сары майдың 61 пайызы, жұмыртқаның 69 пайызы жергілікті өндіріс есебінен өтеледі. Қалған бөлігі өзге өңірлерден жеткізіледі.

Қалада ұн тарту өндірісі де дамыған. 2025 жылы жергілікті диірмендерде 462,6 мың тонна ұн өндірілген. Дегенмен, бұл көрсеткіш Шымкенттің бидайға деген қажеттілігі толығымен жергілікті егін есебінен өтеледі дегенді білдірмейді. Ұн өндіретін кәсіпорындар басқа өңірлерден жеткізілетін астықты да пайдалануы мүмкін.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін жыл бойы сақтау үшін қалада жалпы сыйымдылығы 125,5 мың тонна болатын сегіз көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істейді. Олардың қатарындағы ірі нысандардың бірі – 90 мың тонна өнім сақтауға арналған «НМИ-Юг» ЖШС қоймасы. Өнім өндіру, оны сақтау және нарыққа уақытылы жеткізу бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан жылыжай жобаларымен қатар сақтау инфрақұрылымын тиімді пайдалану да маңызды. Бұл маусымдық өнімнің ысырабын азайтып, нарықтағы ұсыныстың тұрақтылығын сақтауға көмектеседі», - дейді Нұрсұлтан Хайдаров.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қалада өндірушілермен келісімшарттар жасалып, әлеуметтік маңызы бар тауарлар 90-ға жуық сауда орнында нарықтан төмен белгіленген бағамен сатылып келеді. Бұған қоса, жергілікті өндірушілердің өнімдерін тікелей өткізуіне жағдай жасау үшін апта сайын қаланың бес жерінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылады.