Депутат Ляззат Жылқыбаева бұл мәселені Құрылтайда көтерді
Қазақстанда мыңдаған баланың жеке деректері, ЖСН-і, туған күні, телефон нөмірі мен тұрғылықты мекенжайына қатысты ақпарат желіде тарап кеткен. Бұл әлдебір хакерлік шабуылдан емес, оларды сақтауға және қорғауға міндетті мектептің сайттарынан табылған. Желіде тараған ақпаратты әлдекімдер сақтап алып, оны балаларға немесе оқытушыларға қарсы қолданбауына ешкім кепілдік бере алмайды. Тіпті балалардың біліміне, денсаулығына және қауіпсіздігі үшін алаңдатарлық жайт. Бұл жағдай бала үшін жауапкершілік алып отырған мектептің өзіне деген сенімнің жоғын айқындап бергендей болды. Сондықтан Azattyq Rýhy осы жағдайларды ескере отырып, баланың дерегі желіге таралса, оның арты қандай қауіпке апарады, ол үшін кім жауапкершілік артады, талдап шықты.
«Ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті жоқ...»
Киберқауіпсіздік, соның ішінде балалардың киберқауіпсіздігі әрине бүкіл қоғамның назарын аударатын мәселе. Бұл жағдайды «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Ляззат Жылқыбаева да назардан тыс қалдырмай, бүгін Құрылтай отырысында Бас прокурор Берік Асылов пен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің атына депутаттық сауал жолдады.
«Жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы медициналық те ксеру қызметін сатып алу кезінде 529 қызметкердің дербес деректерін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялаған. Ал, Семей қаласында қызметкерлер мен 344 кәмелетке толмаған баланың деректері ашық қолжетімді болған. Жарияланған құжаттарда аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні, мекенжайы және телефон нөмірі сияқты мәліметтер қамтылған», - деп нақтылады депутат.
Депутат бұдан басқа жуырда ғана болған оқиғаны мысал етіп, қазақстандықтардың жеке деректерін шетелдік серверлерге «жүктеу» де қауіпті екенін көрсетті дейді.
«Бәрімізге мәлім, 11 қазан күні қазақстандықтар «Яндекс» компаниясының такси және жеткізу сервистеріне қол жеткізе алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы ақаумен түсіндірді. Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын және қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдегенімен, сервистердің жұмысына қажетті кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді», - деді Құрылтай депутаты.
Ляззат Жылқыбаева азаматтар мемлекеттік қызмет алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде, баламызды мектепке орналастырғанда өзіміз туралы мәліметтерді тапсыратынымызды бірақ одан кейін не болатыны, деректерімізді кім қарайтыны және қандай мақсатта пайдаланатыны, кімге беретініне қатысты нақты шара қолданылу керек дейді.
Депутат әсіресе балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажет екенін ескертті. Дербес деректердің заңдылығын, оларды жинау, сақтау және үшінші тұлғаларға беру тәртібін тексеруді, өңірлердегі бақылауды күшейтуді ұсынды. Сондай-ақ жеке мәліметтері ашық жарияланған азаматтарды дер кезінде хабардар етіп, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу шараларын қабылдауды сұрады. Сонымен қатар депутат жеке деректері жария болып кеткен азаматтарға көмек көрсету тәртібі түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс екенін жеткізді.
Мәселе тек деректерді өшірумен шектеле ме
Осы жағдайдан кейін жеке деректеріміздің құпиялылығына қатысты күмән артады. Техникалық ақаусыз-ақ, қолмен таратылып жатқан деректер барлығын алаңдататыны сөзсіз. Бала құқығы бойынша өңірлік әукіл Жаннета Жазықбаева бұл әсіресе балалар үшін қауіпті екенін ескертеді. Егер тарап кеткен деректердің ішінде балалардың медициналық диагнозына қатысты қандай да ақпарат болса, онда бұл өзара буллингке әкеп соғуы мүмкін екенін айтады.
«Білім беру ұйымы әр баланың дерегі үшін үлкен жауапкершілік алады. Оған мұқият қарау қажет. Қазіргі балалардың дүниетанымы мен көзқарасы басқа. Егер тарап кеткен ақпараттың ішінде қандайда бір диагнозға, медициналық тексеріске қатысты дерек болса, онда ол ертеңге күні балалардың бір-бірін кемсітуіне, келемеждеуіне, кемсітуіне алып келуі мүмкін. Ол баланың денсаулығына, біліміне және ортада өзін ұстауына әсер етеді. Тіпті, олардың телефон нөмірлеріне әлдекімдер хабарласып, қорқытуы немесе бопсалауы мүмкін. Ал балалар ондай дүниелерге тез сенеді», - дейді Жаннета Жазықбаева.
Сондай-ақ маман бұндай жағдайға жол берген мектепті қатаң жазалап, оқушының отбасын бақылап, қолдау көрсетіп, ал баланың өзімен мектеп психологтары жұмыс істеуі қажет.
Айта кетейік, дербес деректеріміз қорғалуына Конституциясымыз кепіл берген. Бірақ, осыдан екі жыл бұрын Қазақстандағы ең беделді оқу орындарының бірі студент қыздардың аты-жөндерін, ЖСН-і, телефон нөмірлері мен олардың «пәктігіне» қатысты ақпарат WhatsApp желісі арқылы тарап кеткен. Бұл шулы жағдай елімізде біраз уақыт талқыланып, үлкен резонанс тудырды.
Бұл жағдайлардың барлығына назар аударсақ, мәселе сырттан жасалған хакерлік шабуылда емес, білім беру ұйымдарының өзінде болып отыр. Яғни оқушылар мен студенттердің жеке деректерін қорғауға міндетті мектептер мен университеттердің өздері ақпараттың таралуына жол берген.
Деректерді кім қорғауға міндетті?
«Жеке деректер тарап кетпесі үшін не істеу керек? Егер тарап кеткен жағдайда азамат кімнің көмегіне жүгіне алады?» деген сауалды заңгерге қойып көрдік. Заңгер мәліметтердің құпиялылығына қатысты бірнеше жағдайға назар аудару керектігін ескертеді.
Деректерді қорғау жөніндегі сарапшы әрі заңгер Елжан Қабышев осы жағдайларды ескере келе, ең алдымен балалардың деректері үшін ерекше режим енгізуді ұсынып отыр.
«Балаларға қатысты ақпаратты жариялау кезінде сақтық қажет. Менің ойымша, сайттарға орналастырылатын бұйрықтар, тізімдер мен хаттамаларда ЖСН, мекенжай, фотосурет секілді мәліметтер болмауы керек. Ақпаратты жариялау міндетті болса, жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін деректер алдын ала жасырылуы немесе иесіздендірілуі тиіс. Ал мұндай деректердің тарап кетуіне жол бергендерге қатаңырақ жауапкершілік көздеу керек», - дейді сарапшы.
Сонымен қатар заңгер мектептермен және ауруханалармен жұмыс істейтін ІТ мердігерлерде деректердің қорғалуын жіті қадағалап отыратын қызмет иесін бекітуді ұсынып отыр. Яғни ол ақпараттың қалай сақталатынын және оның тарап кетуіне жол бермейтін жалғыз маман иесі болуы керек.
«Жеке деректердің қалай қорғалып жатқанын тексеретін және заң бұзылған жағдайда тиісті шара қолдана алатын тәуелсіз қадағалау тетігі қажет. Мұндай орган ұйымдарға заң талаптарын орындау жөнінде нұсқау беріп, қажет болған жағдайда айыппұл салуға құқылы болуы керек. Бұл ретте айыппұлдың мөлшері құқық бұзушылықтың ауырлығына және келтірілген зиянға сай болғаны маңызды. Сонымен қатар мұғалімдер мен ата-аналарға цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру қажет. Олар жеке мәліметтерді интернетке жариялаудың қандай қауіп тудыратынын, күмәнді сілтемелерден қалай сақтану керегін және баланың деректері тарап кеткен жағдайда қайда жүгіну қажеттігін білуі керек», - дейді заңгер.
Адамның аты-жөні, ЖСН-і, телефон нөмірі мен мекенжайының ашық жариялануы адамның қауіпсіздігіне қатер тудыратынын естен шығармаған жөн. Мұндай ақпарат алаяқтардың адам атынан онлайн микрокредит рәсімдеуге немесе түрлі сервистерде оның атына аккаунт ашып жүргізуіне мүмкіндік береді. Ал ЖСН-ді құпиясөз секілді ауыстыра салу мүмкін емес. Сондықтан бір рет тараған ақпарат ұзақ уақыт бойы теріс мақсатта пайдаланылуы мүмкін.
«Балалардың деректеріне қатысты қауіп одан да жоғары. Баланың ЖСН-і өмір бойы өзімен бірге қалады, ал оның жеке мәліметтері қажетсіз байланыс орнату немесе басқа мақсаттарда қолданылуы мүмкін. Сондықтан дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу немесе тарату жағдайына қарай әкімшілік не қылмыстық жауапкершілік бар. Атап айтқанда, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабы мен Қылмыстық кодекстің 147-бабында көзделген жауапкершілік. Сонымен бірге зардап шеккен азамат сот арқылы материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап ете алады», - дейді Елжан Қабышев.
Заңгер мектептердегі деректерді қорғау мәселесін тек директордың немесе бір жауапты қызметкердің міндеті ретінде қарастырмау керек деп есептейді. Мысалы, электронды күнделік, мектепке кіруді бақылау немесе тамақтануды ұйымдастыру жүйелерін сыртқы компаниялар жүргізсе, келісімшартта олардың қандай деректерді жинайтыны, кімге беретіні және келісімшарт аяқталғаннан кейін не істейтіні нақты жазылуы қажет.
Азаматтар өз деректері тарап кеткенін байқаса, не істеуі керек
Заңгер Елжан Қабышевтың айтуынша, ең алдымен деректің интернетте жарияланғанын дәлелдейтін материалдарды сақтау маңызды. Ол үшін парақшаның мекенжайы мен жарияланған күні көрінетін скриншот жасауға болады. Сотқа жүгіну қажет болуы мүмкін жағдайда интернет-парақшаны нотариус арқылы тіркету де пайдалы. Одан кейін сайттың иесіне немесе ақпаратты өңдейтін ұйымға жазбаша өтініш жолдап, деректерді алып тастауды талап етуге болады. Қажет болған жағдайда уәкілетті органға, прокуратураға немесе құқық бұзушылық белгілері болса, полицияға шағымдануға болады.
Заңгер сондай-ақ кредиттік тарихты тексеруге, аккаунттардың құпиясөздерін жаңартып, екі факторлы растауды қосуға кеңес береді. Телефонға келген растау кодтарын ешкімге бермеу керек. Өйткені деректердің таралуынан кейін алаяқтар адамға өзі туралы ақпаратты пайдаланып хабарласуы мүмкін.
«Семей мен Қызылордадағы жағдай жеке мәліметтердің ашық жариялануы міндетті түрде алаяқтыққа әкелді дегенді білдірмейді. Бірақ мұндай ақпараттың қолжетімді болуының өзі қауіп тудырады. Әсіресе балалардың ЖСН-і, мекенжайы және басқа да мәліметтері жарияланған кезде, оның ықтимал салдарына жеңіл қарауға болмайды. Дербес деректерді қорғау тек ақпаратты сайттан өшірумен аяқталмауы керек. Ең маңыздысы – оның не себепті жарияланғанын анықтау, жауапты тараптардың міндетін нақтылау және мұндай жағдайдың қайталануына жол бермейтін тетіктерді енгізу. Азаматтардың цифрлық жүйелерге деген сенімі де осыған байланысты», - дейді заңгер.