Министрлік Қазақстанға газ жеткізу мен Өзбекстанға транзит жоспарға сай жүріп жатқанын, газ тасымалдау жүйесінде ауытқу жоқ екенін мәлімдеді.
Ресейдің Пенза облысында магистральдық газ құбырында болған апат Қазақстанның газбен қамтылуына әсер еткен жоқ. Ресейден газ жеткізу және оны Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға транзиттеу қалыпты режимде жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Ресей газы Қазақстанға қолданыстағы келісімшарттар мен өтінімдерге сәйкес штаттық режимде жеткізіліп жатыр. Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға газ транзиті де жоспарланған көлемде жүзеге асуда.
Министрлік Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінде ешқандай ауытқу тіркелмегенін атап өтті.
«Аталған оқиға Қазақстан Республикасы тұтынушыларын газбен қамтамасыз етуге әсер етіп отырған жоқ. „Газпром“ жария акционерлік қоғамынан диспетчерлік арналар арқылы газ жеткізу режимін өзгерту туралы өтініш түскен жоқ», – делінген хабарламада.
Ресейлік БАҚ таратқан мәліметке сәйкес, 13 қазанда Ресейдің Пенза облысы Белин ауданына қарасты Волчково ауылында магистральдық газ құбыры жарылып, өрт шыққан. Өңірлік Төтенше жағдайлар басқармасының алдын ала мәліметі бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Газпром трансгаз Саратов» компаниясы апат болған учаске ажыратылғанын хабарлады. Қазір тұтынушыларға газ балама бағыттар арқылы жеткізіліп жатыр. Мамандар қалпына келтіру жұмыстарына дайындалуда.