Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 трлн теңгеге көп
Биыл тоғыз айда бюджетке 19,3 трлн теңге салық түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 трлн теңгеге немесе 18,2%-ға көп. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, салық түсімдерінің өсуіне негізінен қосылған құн салығы (ҚҚС) әсер еткен. Тоғыз айда бұл салық түрінен түскен қаражат 37,3%-ға артқан.
«Атап айтқанда, ел ішінде өндірілген тауарлардан түскен қосылған құн салығы 54,1%-ға, ал импорттық тауарлардан түскен түсім 23,9%-ға өскен», - деді Серік Жұманғарин.
Үкіметте қазіргі экономикалық жағдайға қарамастан, салық түсімдерінің өсуі бюджет кірісін ұлғайтуға мүмкіндік берген. Жалпы, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша салықтан түскен кіріс өткен жылмен салыстырғанда едәуір көбейген. Оның негізгі бөлігінің бірі қосылған құн салығы есебінен қамтамасыз етілген.