Астанаға Филиппиннің сыртқы істер министрінің орынбасары келді
Филиппин мемлекеті Астанада елшілік ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Филиппиннің сыртқы істер министрінің орынбасары Лео М. Эррера-Лимді қабылдауында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, кездесуде тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және Қазақстан мен Филиппин арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ БҰҰ мен АСЕАН шеңберіндегі өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше назар аударылды.
«М. Тілеуберді саяси диалогтың оң серпінін, оның ішінде биыл қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында Филиппиннің Сыртқы істер министрі М.Т. Лазаромен өткен кездесуін атап өтті. Қазақстан тарапы Филиппиннің Астанада елшілік ашу ниетін құптап, тұрақты дипломатиялық өкілдіктің ашылуы екіжақты байланыстарды тереңдетуге және практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді», – делінген хабарламада.