Тоқаев Қазақстанның Пәкістандағы елшісін тағайындады

Ақорда арнайы хабарлама жариялады

Тоқаев Қазақстанның Пәкістандағы елшісін тағайындады
Фото: ҚСЗИ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Пәкістандағы жаңа елшісін тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Еркін Валитханұлы Тұқымов Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Сол сияқты мемлекет басшысының жарлығымен Сәулекүл Сайлауқызы Қазақстан Республикасының Марокко Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Того Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы лауазымдарынан босатылды.

Еркін Тұқымов 1973 жылы 2 шілдеде дүниеге келген.

1997 жылы Польша Республикасындағы Варшава университетінің Халықаралық қатынастар институтын бітірген. 2016 жылы Америка Құрама Штаттарындағы Гарвард университетінің Дж. Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебін бітірген. Саяси ғылымдар кандидаты.

  • 1997-2000 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері.
  • 2000-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Сыртқы саясат және халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы, бас ғылыми қызметкері.
  • 2005-2007 жылдары – «Демократияны дамытудың Орталық Азия қоры» қоғамдық қорының директоры.
  • 2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ақпараттық-талдау орталығының сектор меңгерушісі.
  • 2008 жылы – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық зерттеулер және талдау орталығының сектор меңгерушісі.
  • 2008-2010 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Орталық Азия департаменті директорының орынбасары, директоры.
  • 2010-2018 жылдары – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау бөлімінің меңгерушісі.
  • 2018-2019 жылдары – Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы (Ресей Федерациясы) Бас консулы.
  • 2019-2022 жылдары – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі.
  • 2022-2025 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры.

2025 жылғы маусымнан бастап – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан бойынша арнаулы өкілі.

ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.

Поляк және ағылшын тілдерін меңгерген.