Тоқаев Семей қаласының 15 жастағы тұрғыны Милананы туған күнімен құттықтады

Президент оған сыйлық пен қолтаңбасы қойылған фотосуреттерін жіберуге уәде берді

Тоқаев Семей қаласының 15 жастағы тұрғыны Милананы туған күнімен құттықтады
видеодан скрин

Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына барған Қасым-Жомарт Тоқаев Семейден келген Милана Битимованың туған күні екенін біліп, оны 15 жасқа толуымен жеке өзі құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Baltabayev телеграм-арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, Милана алты бала тәрбиеленіп жатқан көпбалалы отбасында өсіп келеді. Қызға балалардың церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Анасы Екатерина балалардың тәрбиесі мен отбасының қамына көңіл бөлсе, әкесі Қайрат пластик терезелер жасап, орнатумен айналысады.

Президент Милананың жанына барып, хал-жағдайын және көңіл күйін сұрап, туған күнімен жылы лебізін білдірді. Олар бірге суретке түсті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қызға сыйлық пен жеке қолтаңбасы қойылған фотосуреттерін жіберуге уәде берді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия королі Филипп және патшайым Матильдамен бірге Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына барған еді. Бельгия монархтары балалармен, олардың ата-аналарымен және медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, интерактивті бағдарламаға қатысты.

Орталық балалардың церебралды сал ауруы, аутизм спектрінің бұзылыстары және дамуындағы басқа да ерекшеліктер кезінде оңалту көмегін көрсетеді. Мұнда жыл сайын Қазақстанның барлық өңірінен бес мыңнан астам бала емдік-оңалту курсынан өтеді.