Екі адам уланып өлген: есірткі бизнесінің басшысы Ресейге қашып кеткен (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол мефедрон әзірлеп, оны сату үшін қылмыстық топ құрған

Фото: Бас прокуратура/Видеодан скрин

Алматыда ер адам мефедрон есірткісін өндіріп, оны Қазақстанның әр өңіріне тарату үшін қылмыстық топ құрған. Алайда есірткі өндіру барысында екі адам уланып, өліп кеткен. Осы оқиғадан кейін оның Ресейге қашып кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратура күдікті Ресейден экстардициялады. Қылмыстың басы, яғни есірткі өндіру Алматы қаласында басталғаны, кейіннен Қазақстанның басқа да өңірлерінде жалғасқаны анықталды.

Ол 2021 жылдан бастап жағдайы нашар, ақшадан қиналып жүрген адамдардың басын қосып, қылмыстық топ құрған. Олар мефедронды жасап шығару, өлшеу, тарату сияқты міндеттерге жегілген. Ал қылмыстың бәрі әдеттегідей Telegram арқылы жасалған.

Қылмыстың қарқынды жүріп жатқаны 2024 жылы анықталды. Бас прокуратураның мәліметінше, Алматыда бірнеше есірткі зертханасы жасалған. Солардың бірінде есірткі әзірлеп жатқан екі адам ауыр химиялық уланып, артынша көз жұмған. Ең қызығы, қылмыстың басын бастаған адам ісін тоқтатпай, орнына басқа адамдарды алған.

«2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция қызметкерлері зертханалардың бірінің қызметін тоқтатты. Тінту барысында 24 кг-дан астам химиялық заттар, жабдықтар, қорғанышқұралдары мен дайын өнім табылды. 2025 жылғы шілдеде күдікті Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге экстрадицияланды. Бүгінгі күні ол тергеу изоляторына қамалды» – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, осы қылмысы үшін ол бүгінге дейін жинаған дүние-мүлкінен айырылып, өзі 20 жылға сотталуы мүмкін.