Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның іске асырылу қарқынын тексерді
Астанадағы басты теміржол тораптарының бірі – Астана-1 вокзалында ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның іске асырылу қарқынын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көлік министрлігінің өкілдеріне мердігер ұйым атқарылып жатқан жұмыстар мен бекітілген кестенің орындалуы бойынша баяндады.
Жаңғыртылып жатқан нысанның жалпы ауданы 8 409 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың қаңқасын тұрғызу және шатырын орнату жұмыстары толық аяқталған. Қазір ішкі-сыртқы әрлеу, электр, жылыту, желдету, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін монтаждау жалғасып жатыр. Сонымен қатар жолаушылар перроны мен конкорстық өткел салынып, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Тексеру қорытындысы бойынша вице-министр Жәнібек Тайжанов мердігерге құрылыс сапасын бақылауда ұстап, қайта жаңғыртуды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Астана-1 вокзалын жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған 124 теміржол вокзалын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылуда.
Жоба аяқталған соң вокзал заманауи жайлылық, қауіпсіздік және мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділік талаптарына толық сай келеді.