Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 491 дерегі анықталып, құқық бұзушылық жасаған 204 жасөспірім мен іздеуде жүрген екі адам ұсталды
Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті күшейтуге бағытталған «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары тұрғын үй секторын аралап, бірқатар заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, акция басталғалы бері проблемалық тұрғын үй нысандарында 6 883 рет тексеру жүргізілген. Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзудың 491 дерегі анықталып, құқық бұзушылық жасаған 204 жасөспірім мен іздеуде жүрген екі адам ұсталды. Сонымен қатар ғимараттар мен қабырғалардағы есірткі жарнамасы бар 507 жазу жойылып, бес есірткі притоны әшкереленді. Полиция 1 011 қару иесін тексеріп, 79 құқық бұзушылықты тіркеді. Бұдан бөлек, түнде алкоголь сатқан алты дүкен жауапкершілікке тартылып, бір түнгі клубтың жұмысы тоқтатылды.
Алматы қалалық полициясы тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға баса мән береді. Мәселен, іс-шара аясында 2 717 азаматтың қатысуымен 190 кездесу өткізілді.
Құқық бұзушылықтар туралы жедел хабардар ету үшін қоғамдық орындарда арнайы QR-кодтарорнатылды.
«Басты мақсатымыз – құқық бұзушылықтардың алдын алып, тұрғындарды алаңдататын мәселелерге дер кезінде ден қою. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және тұрғындардан шағым жиі түсетін мекенжайларға ерекше назар аударып отырмыз», – деді Тимур Ноғайбаев.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды кез келген заңбұзушылықтар туралы дер кезінде хабарлап, қырағылық танытуға шақырады.