Қырғызстан азаматы Қытайға 182 миллион теңгенің алтынын алып өтпек болған

Автор: Дәулет Ботагөз

Одан салмағы 2,8 келі алтын құймасы тәркіленді

Фото: pexels.com

Сот Қырғызстан азаматы Қытайға заңсыз өткізбек болған жалпы салмағы 2,8 келі алты алтын құймасын мемлекет кірісіне тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазақстанда жалпы құны 182,3 миллион теңгені құрайтын алты алтын құймасына сотқа дейінгі тәркілеу шарасы қолданылды. Бағалы металдың жалпы салмағы 2,8 келіні, ал алтынның тазалығы 99%-дан астамды көрсеткен.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, тиісті шешімді сот қабылдап, қаулы заңды күшіне енді.

Құзырлы органның дерегінше, Қырғызстан азаматы бұл алтын құймаларын өз елінен сатып алып, Қазақстанға «Қордай» автомобиль өткізу пункті арқылы алып өткен. Кейіннен ол қымбат металды Қытайға заңсыз жөнелтпек болған.

Кедендік және шекаралық бақылаудан жасыру үшін әйел әр аяқ киімінің ұлтарағының астына үш құймадан тығып қойған. Алайда «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы маңында тексеруден өту кезінде бағалы металл анықталып, тәркіленді.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.