Олар екі күн бойы 30-ға жуық бағыт бойынша авторлық бұйымдарын ұсынады
Qazaq Creative Hub алаңында Ақтөбе облысы өкілдерінің қолөнер бұйымдары, дизайнерлік киім топтамалары, IT-жобалары, кітаптары мен шығармашылық жұмыстары таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Астанада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған Aqtobe Creative Days мәдени-креативті көрме-жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. Екі күн бойы Ақтөбе облысынан келген 100-ден аса креатор 30-ға жуық бағыт бойынша авторлық бұйымдарын, шығармашылық жобалары мен өңірлік брендтерін ұсынады.
Шара Креативті индустрияларды дамыту қорының Qazaq Creative Hub кеңістігінде өтіп жатыр. Қатысушылар қатарында қолөнер шеберлері, дизайнерлер, суретшілер, мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдары, IT мамандары және Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары бар.
Көрмеде зергерлік әшекейлер, былғары, ағаш, сүйек пен жүннен жасалған бұйымдар, киіз өнімдері, сырмақтар, басқұрлар, ұлттық аксессуарлар мен кәдесыйлар қойылған. Келушілер шеберлердің жұмыс барысын тамашалап қана қоймай, тәжірибелік шеберлік сабақтарына да қатыса алады.
Бағдарлама аясында зергер Болат Атыраубаевтың, киіз басу шебері Рәбиға Испулатованың, қолөнерші Ерқосай Әбіловтің және суретші Қайрат Ноғаевтың шеберлік сабақтары жоспарланған.
Шараның жеке бір бөлігі сән индустриясына арналған. Ақтөбелік жеті дизайнер мен бренд, оның ішінде SAULEMAI COUTURE, Trumova Collection, SYRMAK, ULPAN SAN UI, MARKA және Azamat SAIN өз топтамаларын ұсынды.
Дизайнерлер дәстүрлі қазақы мотивтерді қазіргі заман талабымен шебер үйлестірген. Мәселен, SYRMAK бренді дәстүрлі қаусырма киімдерді еркін пішінді oversize үлгісіне бейімдесе, Trumova Collection әйелдер топтамасында ұлттық элементтерді пайдаланады. ULPAN мен SAULEMAI брендтері де мәдени мұра мен заманауи дизайн үйлесіміне басымдық берген.
Көрмеде 2015 жылы негізі қаланған Azamat SAIN брендімен де танысуға болады. Олар материал сапасына, тігіс ерекшелігіне және заманауи дизайнға баса мән берілген балалар киімінің топтамасын ұсынды. Бұл брендтің өнімдері бұған дейін де шетелдік сән алаңдарында көрсетілген болатын.
Бұдан бөлек, келушілер үшін қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған арнайы экспозиция ұйымдастырылған. Ол әншінің халықаралық жетістіктерімен, өнерінің ерекшеліктерімен және туған жерімен байланысымен таныстырады.
Технологиялық бағытты Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты курсанттарының IT әзірлемелері ұсынып отыр. Әдеби бөлімді Ақтөбе облысы ақын-жазушыларының туындылары мен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жобалары бар Book Market толықтырды.
Сондай-ақ мәдени бағдарлама аясында жас жазушы Әлихан Жақсылықтың Ақтөбе облысына арналған анимациялық фильмі және «Алақай» Ақтөбе облыстық қуыршақ театрының ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Жыл мезгілдері» инклюзивті қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.
Музыкалық бағдарламаны креативті SherTer жобасының өнері, дарынды жастардың «Жеребе life» концерттік жобасы және жас композитор әрі креатор Серік Зәкарияның шығармашылық кеші құрайды.
Бүгінде Ақтөбе облысында мәдениет саласында 3 мыңнан астам маман еңбек етеді. Aqtobe Creative Days көрме-жәрмеңкесі олардың шығармашылық әлеуетін қалың көрерменге танытып, өңірлік брендтер мен авторлық жобаларды қолдауға бағытталған.
Іс-шара дәстүрлі қолөнерді, сәнді, әдебиетті, театрды, музыка мен IT саласын бір арнаға тоғыстырып, Қазақстанның мәдени мұрасы бүгінгі заманауи креативті индустрияның ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын айқын көрсетіп отыр.