«Бекер барыппын»: қазақстандық бойжеткен лазерлік эпиляциядан кейін ракқа шалдыққанын мәлімдеді

Автор: Махан Миражан

Сөзінше, әйел лазерлік эпиляцияға 7-8 рет барған 

Фото: www.magnific.com

Аяулым Нұрәлі есімді қыз бес жыл бұрын лазерлік эпиляция жасатқаннан кейін денсаулығында күрделі мәселелер басталғанын айтады. Оның сөзінше, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан мен Ресейде ем іздегенімен, дәрігерлер ауруының себебін анықтай алмаған. Жақында Үндістанның Нью-Дели қаласына барған кезде ғана дертінің себебін білгенін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға қалай басталды

Аяулымның айтуынша, бес жыл бұрын сегіз ай қатарынан лазерлік эпиляция жасатқан. Соның арқасында, денедегі түктерімнен құтылдым деп қуанған ол кейін денсаулығына байланысты қиындықтарға тап болған.

«Лазерлі аппаратқа түктерден құтыламын деп барып, «раковый клеткаларымды» оятып алдым. Екі-үш жылға түктерден құтылдым ба деген қуанышымның арты үлкен ауруға айналды», – деп жазды ол.

Қыздың сөзінше, алғашында Түркияға емделуге барған кезде дәрігерлер ауруының нақты себебін анықтай алмаған. Ол уақытша химиотерапия алған. Қазақстанға оралған соң ауруы қайта өршіген. Дәрігерлер одан отбасында осындай дертпен ауырған адамдар бар-жоғын сұраған, яғни, оның тұқымында қатерлі ісікпен ауырған адамдар бар ма екенін анықтауға тырысқан. Бірақ, бәрі бір нақты диагноз және аурудың нақты себеп табылмағанын айтады.

Үндістандық дәрігерлер диагнозын бірден тапқан

Аяулым Ташкент пен Мәскеудегі мамандарға да қаралған. Алайда оның айтуынша, емдеу шаралары уақытша жеңілдік берумен шектелген.

«Жақында Үндістанның Нью-Дели қаласына барып қаралғанымда, дәрігер бірден себебін айтқанда, өкініштен жыладым. Лазер жүрген жерлерден ғана рак шыға бергенін өзім де білмедім. Дәрігерлер «лазер істеткенсіз бе?» деп сұрағанда, тек жылай бердім», – деп жазды ол.

Аяулым бұрын лазерлік эпиляция жасатқан студияның мекенжайы өзгергенін, қазір оның қайда орналасқанын білмейтінін айтады. Дегенмен ол студияны кінәлауға негіз жоқ екенін, процедураға өз еркімен барғанын атап өткен.

Лазерден тағы бір қыз зардап шеккен

Сондай-ақ қыз Үндістандағы ауруханада бірге жатқан тағы бір науқастың оқиғасын айтып берген. Оның айтуынша, Ресейден келген қыздан да қайта-қайта қатерлі ісіктің клеткалары шыға берген. Ол денесіне тату салдырғанын, кейін оны лазермен өшірткенін айтқан. Аяулымның жазуынша, дәрігерлер оның да ауруының себебін осы процедурамен байланыстырған.

Аяулым өз жазбасында қыз-келіншектерді лазерлік процедураларға қатысты сақ болуға шақырған.

Мамандар не дейді?

Біз дерматолог, онколог және эндокринологтарға хабарласып, Аяулым Нұрәлінің жағдайын айттық. Яғни, біз дәрігерлерден лазерлік эпиляцияның расымен қаупі бар ма дегенді сұрадық. Бірқатар маманмен тілдесе келе, Қазақстанда бұл процедура әлі де зерттеуді қажет ететіні аңғардық. Себебі, бізге сұхбат берген дәрігерлердің пікірі екі түрлі. 

Мәселен, онколог, Ядролық медицина орталығының дәрігері Қуантқан Жабағин лазердің еш қаупі жоқ деп сендірді. Оның айтуынша, бұл зерттелген және дәлелденген процесс.

«Лазерлік эпиляция ешқашан рак ауруына әкелмейді. Адамға термиялық әсер және күн әсер етуі мүмкін. Бізде клиникалық зертханаларда созылмалы аурулар зерттеледі. Ғылыми дәлелдемелерде көрсетілгендей, ракқа әкеп соқпайды. Кейде қатерсіз дерттер немесе меңдер кездесіп жатады. Бірақ ол күннің әсерінен болған жағдайда кездеседі. Ал күйдіріп жасайтын процедураларда дамуы мүмкін, бірақ лазерлік эпиляция ракқа әкеледі деу қате пікір», - дейді Қуантқан Жабағин.

20 жылдан бері лазерлік эпиляция саласында жұмыс істеген маман, косметолог, дермотолог Нұргүл Керімбай да лазердің қаупін жоққа шығарды.

«2007-2010 жылдары мен қыздарға лазерлік эпилиция жасадым. 20 жылдан астам тәжірибем бар. Бірақ бұған дейін лазерлік эпиляциядан зардап шеккен адамды кездестірмедім. Тек түктерінің қайта пайда болғаны туралы шағым айтқандары болды. Дегенмен тері ауруларымен қиындық көрген, ем қабылдаған жандар болмады», - дейді дермотолог.

Ал дерматолог Мадина Желдібаева рак ауруына әкеліп соғатын түрлі себеп бар екенін және әр адамның денсаулығына қарай процедуралар да әртүрлі әсер етеді дейді. 

«Аяулымның жағдайын жоққа шығаруға болмайды. Себебі әр адамның ағзасы, терісі әртүрлі. Сондықтан оның ағзасын зерттеп, тексеріп, талдау керек. Лазерлік эпиляциядан да ауруға шалдығуы мүмкін. Тек тиісінше, сараптама жүргізу керек»,- дейді маман.

Эндокринолог Әйгерім Бекболатқызы да лазерлік эпиляцияның қаупі туралы айта кетті. Сөзінше, табиғи емес процедуралардың бәрі де адамға қауіпті фактор болып саналады.

«Лазерлік эпиляция ракқа алып келеді деген тұжырым жоқ. Бірақ Аяулымға лазерлік эпиляция солай әсер еткен болуы мүмкін. Онкологиялық клеткалар бүкіл адамда бар. Ол – қауіптің бірден бір себебі болуы мүмкін. Дәрігер ретінде табиғи емес дүниенің бәрі қауіпті фактор болатынын әйелдерге айтып отырамыз. Түк адамды сақтау үшін ғой, сондықтан оның да бір қызметі бар. Оны түбегейлі алып тастау денсаулыққа зиян. Бірақ, осы сала бойынша бізде авторлық зерттеу жоқ. Ол әлі де зерттеуді талап етеді. Онымен негізі онкологтар айналысады», - деді эндокринолог.