Шымкентте ескі автобустар жаңартылмақ: жыл соңына дейін 192 жаңа қоғамдық көлік жолға шығады

Автор: Асыл Арман

Жаңа автобустардың қашан қолданысқа берілетіні хабарланды

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Шымкентте автобус паркін кезең-кезеңімен жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Қаладағы қолданыстағы қоғамдық көлік бағыттары және жасалған келісімшарттарға сәйкес, жыл соңына дейін 192 жаңа автобус жолға шығады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға жеткізілген жаңа автобустарды қарап шықты. Қала басшысы қоғамдық көліктердің техникалық сипаттамаларымен, жабдықталу деңгейімен және пайдалануға дайындығымен танысты. Сондай-ақ автобустардың белгіленген бағыттарға шығуы мен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға қатысты мәселелерге назар аударды.

Айта кетейік, жыл соңына дейін жеткізеді деп жоспарланған 192 автобустың 64-і «Радуга-транспорт» ЖШС-ге тиесілі. Барлығы – Yutong маркалы автобус. Қазірдің өзінде қалаға 21 автобус жеткізілген. Қазан айының соңына дейін олар №126, 104 және 60 бағыттарға шығарылады. Жыл соңына дейін тағы 25 автобус №6, 51 және 67 бағыттарға жіберілмек.

Тағы 128 автобус «Түркістан көлік компаниясы» ЖШС үшін қарастырылған. Мұнда да Yutong маркалы автобустар жеткізілуде. Қазіргі таңда қалаға 29 автобус келді. Қазан айының соңына дейін олар №12, 35, 92, 103 және 135 бағыттарда қатынай бастайды. Қалған 60 автобус жыл соңына дейін жеткізіліп, тиісті бағыттарға бөлінеді.

Осылайша, екі тасымалдаушыға қазірдің өзінде 50 жаңа автобус жеткізілді. Автобустарды сатып алуды қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы «Qaz Tehna» ЖШС-дан лизингтік қаржыландыру негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Автобус паркін жаңарту ескірген автобустарды кезең-кезеңімен ауыстыруға, жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға және Шымкент тұрғындары мен қонақтарына неғұрлым жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.