Шалғай ауылдарға медициналық керуен де барып, ауыл тұрғындарын скринингтен өткізді
Қызылорда облысындағы шалғай ауылдардың тұрғындары аудан орталығына қатынамай-ақ құқықтық, әлеуметтік және медициналық көмек алды. «Әділет» партиясы ауыл тұрғындарына арнап көшпелі акция өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауқымды қабылдау Қармақшы ауданындағы Тұрмағанбет пен Ақжар ауылдарына арнап ұйымдастырылды. Тұрғындардың сауалдарына партия өкілдерінен бөлек, аудан әкімдігінің, облыстық денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы басқармаларының, сол сияқты «Отбасы банкінің» мамандары жауап берді.
Мамандардың кеңесіне 40-тан аса адам жүгінді. Олар тұрғындардың түйткілді мәселелеріне жан-жақты жауап беріп, мемлекеттік бағдарламалардың, сол сияқты «Қарызсыз қоғам» секілді партиялық бастамалардың қыр-сырын түсіндірді.
Ауылдарда құқықтық және әлеуметтік кеңес берумен қатар, медициналық керуен де арнайы барды. Осының арқасында ауыл тұрғындары профилактикалық тексеруден өтіп, дәрігерлердің кеңесіне жүгінді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындарының мәселелері басты назарда болуы керек екенін бірнеше рет қадап айтқан. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында да осы мәселеге, сол сияқты ауылдарды сапалы медициналық көмекпен қамту мәселесіне де ерекше мән берілген.
«Партияның сайлауалды бағдарламасында «Ұлт денсаулығы: дені сау адам – мықты елдің іргетасы» атты маңызды бағыт көрсетілген. Біз профилактикаға, ерте диагностикалауға, скринингті кеңейтуге және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейтуге жүйелі түрде көңіл бөліп келеміз. Мобильді бөлімшелерді пайдалана отырып, шалғай ауылдардың барынша көп тұрғынын жоғары сапалы скринингтік тексеруден өткізу – маңызды бағыттардың бірі. Медициналық керуенді алып келуіміз – осы айтқанымның айқын дәлелі», – деді «Әділет» партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы.
Азаматтарды қабылдау барысында көтерілген мәселелердің бәрі жиналып, жауапты мемлекеттік органдарға жолданды. «Әділет» партиясы мұндай іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл шалғай ауылдардың тұрғындарын басына түскен қиындығын тездетіп шешуіне әрі тікелей жүгінуіне көмектеседі.