Астанада «Sardar group» компаниясы былтыр ғана салған үйден жаңбыр сорғалап тұр (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Threads желісінің қолданушысы терезе алдын су басып қалғанын видеоға түсіріп, арнайы жазба жариялады

Фото: Видеодан скрин

Астанада былтыр ғана салынып, қолданысқа берілген «Сардар компас» тұрғын үй кешені сын көтермей тұр. Терезесі жаңбырға шыдас бермей, жауын суы пәтер ішіне сорғалап ағып тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Threads желісінің қолданушысы терезенің алдын су басып қалғанын видеоға түсіріп, арнайы жазба жариялады.

«Көмек көрсетулеріңізді сұраймын. Қалдаяқов, 60Б мекенжайында орналасқан «Сардар компас» тұрғын үй кешені. Үй былтыр ғана берілген. Басшылығы менің өтінішіме құлақ асар емес. Енді кімге шағымданамын? Мынадай жағдайдағы үйді қолданысқа қалай берген? Үйдің сапасын кім тексерген? Алдағы қараша айында ғана үйдің кілтін алғанымызға бір жыл толады», – деп жазды желі қолданушысы.

«Sardar group» компаниясы желідегі жазбадан кейін ғана жағдайдан хабардар етті.

«Хабардар еткеніңізге алғыс айтамыз. Сіздің өтінішіңіз бойынша мамандарымыз жұмысты бастап кетті. Қазіргі уақытта компания қызметкерлері нысанға барып, тексеру жүргізді және айтылған сын бойынша кемшіліктерді жөндеді. Бізге тұрғын үй кешендеріміздің сапасы мен тұрғындар үшін қолайлығы маңызды. Пәтер иелерінің өтініші компанияның назарында», – деп жазды «Sardar group» компаниясы.