«Ауыр ыдыс-аяқты тегенемен жалғыз тасытқан»: Шымкентте 13 жастағы бала көз жұмған тойхана әкімшілігі пікірлерді неге өшіріп жатыр

Автор: Махан Миражан

Қайғылы жағдай тамыз айында болған 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Шымкентте 13 жастағы бала тойханада жұмыс істеп жүрген жерінде көз жұмғаны хабарланды. Алдын ала тергеу баланың жүрегі тоқтап қалған дейді. Дереккөз бала тойхананың даяшысы болғанын, яғни, сол қызметті атқарып жүрген жерінен қайтыс болғанын жазды. Azattyq Rýhy  тілшісі бала қай тойханада жұмыс істегенін және жасөспірімнің өлімінен кейін жұмысын тоқтатты ма,  жоқ па, соны анықтап көруге тырысты. 

Оқиға қашан болды

Бала тамыз айының басында Шымкенттегі тойханалардың бірінде, даяшы болып жұмыс істеп жүрген жерінде көз жұмған. Бұл ақпаратты Шымкент қалалық полиция департаменті біздің редакцияға растай отырып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады. 

«Анықталғандай, жасөспірімнің жүрегі тоқтап, көз жұмған. Сонымен қатар, тексеру барысында анықталған еңбек заңнамасын бұзу фактілері бойынша тойхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлімдеді Шымкент қалалық Полиция Департаменті.

«Алтын Мерос» тойханасы қазір ашық па

Біздің анықтап білгеніміз, даяшы баланы аты – Мирас болған. Үйінің жалғыз баласы. Артында жалғыз анасы қалған көрінеді. Ал бала жұмыс істеген тойхана Шымкенттегі «Алтын Мерос» деген тойхана екен. 

Тойхананың 2Gis платформасында марқұмның жақындары пікір қалдырып, жасөспірімге қара жұмыс істеткендерін жазған.  

«Тойхана жұмысқа 15 жастан қабылдаймыз деп, бірақ 13 жастағы балаға ауыр жұмыс істеткен. Даяшыға 4-5 столдың ыдыс-аяғын тегенемен жалғыз тасытқан. Бұл қара жұмыспен пара-пар. Қауіпсіздік сақталмаған. Администратор қайда қараған? Қалайша ауыр ыдыстарды жоғарыға көтерткізген», - деп жазды марқұмның танысы.

Тойхана әкімшілігі редакция тілшісінің телефонын неге бұғаттап тастады 

Айтпақшы, осы платформадағы халықтың пікіріне қарасақ, тойхана жабылмаған және жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік желісін де белсенді жүргізіп отырғанын байқадық.

«Тексеру жұмыстарын жүргізу керек. Тіпті тойханада бейнебақылау камералары жоқ екен. Бұл жағдайдан кейін мұнда қалай баруға болады?», - деп жазды Наз есімді платформа қолданушысы.

Баланың өліміне қатысты комментарий алу үшін біз тойхананың әлеуметтік желідегі және 2Gis платформасындағы телефон нөмірлеріне хабарластық. Әлеуметтік желідегі нөмірге жауап берген әкімші тойхананың жабылып қалғанын және тапсырыс қабылдамайтынын айтты. Ал 2Gis платформасындағы нөмірді алған әкімші ақпарат беруге дайын екенін және біраздан соң хабарласуымызды өтінді. Алайда, біраз уақыттан кейін қоңырау шалып көрген тілші өзінің нөмірі бұғатталып қалғанын білді. 

Дегенмен, Мирастың өлімі сұраусыз қалмайтын көрінеді. Өйткені баланың достары тойхананың аккаунтына нақты сұрақтар қойып, құзырлы органдардың жауабын талап етіп жатыр. 

«Бұл қайғылы оқиғадан кейін үнсіз қалу мүмкін емес. Бар болғаны 13 жастағы досымнан айырылып қалдым. Тойхана әкімшілігіне сұрақ көп. 13 жастағы баланы қалай жұмысқа қабылдаған?! Жауапкершілік қайда? Қауіпсіздік шаралары қайда? Неліктен дер кезінде балаға алғашқы көмек көрсетпеді? Анасы жалғыз ұлынан айырылды. Ешбір ана өз баласын жерлемеуі керек», - деп жазды Мирастың досы.

Біз Мирастың өлімінен кейін оның жақындары мен тойхана әкімшілігінен сұхбат алуға тырысып жатырмыз. Айта кетерлігі, біз хабарласқаннан кейін тойхана әкімшілігі платформадағы пікірлердің бәрін өшіріп тастаған екен.