Өңірдің бұл бағыттағы әлеуеті зор
Шығыс Қазақстан облысында сирек кездесетін жер және өзге де стратегиялық маңызды металдарды игеруді жандандыру үшін арнайы жобалық кеңсе құрылып, оның жанынан ғылыми-техникалық орталық ұйымдастырылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру мәселелеріне арналған жиынға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа индустриялық саясатында сирек жер металдарын игеруге, геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтуге, озық технологияларды тартуға және шикізатты терең өңдеуге ерекше мән беріп келеді. Шығыс Қазақстанның бұл саладағы мүмкіндігі жоғары. Өңір тарихи тұрғыдан еліміздің негізгі тау-кен металлургия және геологиялық аймақтарының бірі саналады. Бізге геологияны, ғылымды, өндірісті, технология мен инвестицияны бір жүйеге біріктіретін нақты жұмыс тетігі қажет», - деді облыс әкімі.
Жобалық кеңсе геологиялық ақпаратты жинақтап, жүйелеп қана қоймай, әлеуеті зор жобаларды геологиялық барлаудан бастап зертханалық растау, технологиялық шешім, инвестиция тарту және өнеркәсіптік игеруге дейін сүйемелдейді. Кеңсе мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін қайталамайды. Лицензиялау, мемлекеттік геологиялық бақылау, сараптама және өзге де рұқсат беру функциялары заңнамаға сәйкес тиісті ведомстволардың құзыретінде қалады. Ал жобалық кеңсенің басты міндеті – ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету, қажетті материалдарды әзірлеу, бірлескен жұмысты ұйымдастыру және нақты жобалардың жүзеге асуын жеделдету. Бұл жұмысқа тау-кен және қатты пайдалы қазбалар саласында мол тәжірибесі бар облыс әкімінің кеңесшісі Нұрбол Нұрғалиев жетекшілік етеді.
Өңірдің ғылыми әлеуетін өндіріспен ұштастыру мақсатында Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында ғылыми-техникалық орталық құрылады. Бұл орталық қолданыстағы зертханалық база мен халықаралық байланыстарды барынша пайдалана отырып, гранттық қаржыландыруға өтінімдер әзірлеу, қолданбалы зерттеулер жүргізу, жаңа технологияларды сынақтан өткізу және сала мамандарын даярлау бағыттарын қамтиды.
Аймақ басшысы барлық бейінді басқармалардың бұл іске өз құзыреті шегінде белсенді қатысуы қажеттігін атап өтті. «Бұл жұмыстың басты көрсеткіші құжаттардың саны емес. Біз жаңа геологиялық деректерге, технологиялық шешімдерге, тартылған қаржыға және болашақта өнеркәсіптік игеруге әрі Қазақстанда терең өңдеуге мүмкіндік беретін жобаларға қол жеткізуіміз керек», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жобалық кеңсенің жұмысы жүйелі түрде бақылауда болады: апта сайын жұмыс кеңесі өтіп, ай сайын облыс әкімінің бірінші орынбасарына есеп берілсе, ал тоқсан сайын атқарылған жұмыстар облыс әкімінің деңгейінде қаралады.