Алматыда ер адам бұрынғы сүйіктісін интимді суреттеріңді таратып жіберемін деп бопсалаған (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Бойжеткен полицияға хабарласып, көмек сұраған

Фото: Видеодан скрин

Алматы тұрғыны бұрынғы сүйіктісіне хабарласып, интимді суреттеріңді таратып жіберемін деп қорқытқан. Іске полиция қызметкерлері араласты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Алматы қаласының тұрғыны түнгі уақытта «102» арнасына хабарласып, бұрынғы жігіті жеке суреттерін интернетке жариялаймын деп қорқытып жүргенін айтып, көмек сұраған.

«Оқиға орнына Алмалы аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері барды. Тексеру барысында жастар арасында жанжал туындағаны анықталды. Мән-жайды анықтау үшін екеуі де Алмалы аудандық Полиция басқармасына жеткізілді», – делінген Полицияның агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Қазіргі уақытта оқиғаның өзге де мән-жайлары анықталып жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша полиция тарапынан тиісті шаралар қабылданады.