Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады

Автор: Махан Миражан

Қаулыны Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы Әмірбек Оспанбеков таныстырды.

Фото: Құрылтай баспасөзі

Құрылтай мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаулыны Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы Әмірбек Оспанбеков таныстырды.

Депутаттың айтуынша, мәслихаттар халықпен тікелей жұмыс істейтіндіктен, өңірлердің ерекшелігі мен жергілікті мәселелерді жақсы біледі.

«Құрылтай өңірлермен, ең алдымен, олардың өкілді органдары – мәслихаттармен тұрақты байланыс орнатуы қажет. Мәслихаттар қабылданған заңнамалық шешімдердің жергілікті жерде қалай жүзеге асырылып жатқанын көріп, туындайтын мәселелерді тікелей жеткізе алады», - деді ол.

Кеңес құрамына Құрылтай депутаттарымен қатар мәслихат төрағалары, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың және сарапшылардың өкілдерін енгізу ұсынылады. Оның жұмысына облыстардан бөлек, аудандық және облыстық маңызы бар қала мәслихаттары да қатыса алады.

Өңірлермен байланысты Құрылтайдың төрт депутатынан тұратын хатшылық қамтамасыз етпек. Ал келіп түскен ұсыныстарды талдау мен жүйелеу жұмысын Парламентаризм институты жүргізеді.

Депутат бұл тетік арқылы өңірлердің тәжірибесін заң шығару процесіне тұрақты енгізуге мүмкіндік болатынын атап өтті.

«Біз Құрылтай мен мәслихаттардың өзара іс-қимыл жасауының тұрақты арнасын қалыптастыруымыз қажет. Оның көмегімен өңірлік іс-тәжірибе заң шығару жұмысында ескеріліп, туындаған проблемаларды заңнамалық тұрғыдан шешуде жергілікті жердің ұстанымы назарға алынатын болады», - деді Әмірбек Оспанбеков.