Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов барша ұстаздар қауымын мерекесімен құттықтады
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов 5 қазан – Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында алғашқы мұғалімін еске алып, балалық шағына саяхат жасады, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Ең алдымен баршаңызды кәсіби мереке – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қай қызметте болсам да ұстаздармен кездесудің орны бөлек. Мереке күні алғашқы ұстаздарымызды есімізге аламыз. Бүгін таңертең ояна салысымен Ұстаздар күні болған соң, өзімнің алғашқы ұстазымды есіме алдым. Мұғалімнің не айтқаны, не үйреткені қаншама жыл өткен соң есіңде қалмайды. Оның қандай қолдау көрсеткені, сенуді үйреткені әрқашан да есімде», - деді ол.
Асхат Аймағамбетов алғашқы ұстазының есімін де атады.
«Менің мұғалімім Любовь Валентиновна деген кісі болды. Мен өзімді ол кісінің ең сүйікті оқушысымын деп ойладым. Өйткені әрқашан жанымнан өтіп бара жатқан кезде тоқтап, басымнан сипап өтетін, қолдайтын. Одан кейін біз мектеп бітірдік, біраз жыл өтті. Мерейтой сайын бірге оқыған балалармен кездесеміз. Сол кезде сыныптастарыма «алғашқы мұғалімімнің ең жақсы көретін оқушысы мен болатынмын» дедім. Сөйтсем, мен ғана емес, сыныптастарымның бәрі де солай ойлаған екен. Мұғалімнің шеберлігі сол - оның оқушыларының әрқайсысы өзін ерекшемін деп ойлаған», - деді депутат.