Сәтбаевта оттегі баллондары бар ангар өртенді

Автор: Дәулет Ботагөз

Ішінде жанар-жағармай мен оттегі баллондары болған ғимараттағы тілсіз жауды ТЖМ құтқарушылары жедел түрде ауыздықтады

Фото: ТЖМ

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының өнеркәсіптік орнында металл ангар өртенді. Ішінде жанар-жағармай мен оттегі баллондары болған ғимараттағы тілсіз жауды ТЖМ құтқарушылары жедел түрде ауыздықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Сәтбаев қаласы, Ұлытауск көшесіндегі «ЭЖК» ауданында орын алды. Өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде жеке тұрған металл ангар ашық жалынмен жанып жатқан.

Барлау жұмыстары барысында ангар ішінен 1 жүк көлігі, 2 жеңіл автокөлік, шамамен 200 литр жанар-жағармай материалы және 10 оттегі баллоны анықталды.

Өрт сөндірушілер оқпандарды беріп, суды үздіксіз айдау арқылы жалынның көршілес аумақтарға таралуына жол бермеді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.