Төтенше жағдайлар қызметіне 2020 жылы туған баланың үйде жалғыз қалғаны туралы жедел хабарлама түскен
Қонаев қаласында ТЖМ қызметкерлері пәтерде іштен жабылып қалған кішкентай баланы құтқарды. Құтқарушылар арнайы сатының көмегімен екінші қабатқа көтеріліп, тұрғын үйге қауіпсіз кіруді қамтамасыз етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар қызметіне 2020 жылы туған баланың үйде жалғыз қалғаны туралы жедел хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар үш иінді сатының көмегімен екінші қабаттағы балкон арқылы пәтерге кіріп, есікті ашты. Бүлдіршін аман-есен ата-анасына тапсырылды, оған медициналық көмек қажет болған жоқ.
«Ата-аналардан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды және баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген жағдайдың алдын алуды сұраймыз. Кішкентай балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыздар!», — деді мекеме өкілдері.