Елімізде 600 мыңға жуық педагог білім беру саласында еңбек етеді — ресми статистика

Бұл мектептерді, мектепке дейінгі және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын қамтитын ауқымды кәсіби қауым

Елімізде 600 мыңға жуық педагог білім беру саласында еңбек етеді — ресми статистика
Фото: © istockphoto.com

Бүгінде елімізде білім беру жүйесінің барлық деңгейінде 600 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Бұл мектептерді, мектепке дейінгі және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын қамтитын ауқымды кәсіби қауым, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздің мектептерінде 420 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда 104 мыңнан астам маман, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 42 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарының барлық деңгейінде әйел мамандардың үлесі басым.

Педагогтер арасында көпжылдық тәжірибесі бар мамандардың үлесі де жоғары. Мектептерде 53 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан асады. Тағы 73 мыңнан астам педагог білім беру саласында 20 жылдан 30 жылға дейін еңбек етіп келеді.

Мектепке дейінгі ұйымдарда 5 мыңнан астам, ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 4 мыңнан астам педагогтің еңбек өтілі 30 жылдан жоғары.

Бұл көрсеткіштер еліміздің білім беру жүйесінде бірнеше буын өкілдерінің қатар еңбек етіп, кәсіби тәжірибе мен педагогикалық дәстүр сабақтастығын жалғастырып келе жатқанын көрсетеді.