Исатай ауданының Томан ауылында 80 орындық балабақша қараша айында пайдалануға беріледі
Исатай ауданының Томан ауылында 80 орындық балабақша қараша айында пайдалануға беріледі. Қазір нысанның құрылысы толық аяқталып, мектепке дейінгі ұйымды ашуға қажетті құжаттар рәсімделіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Аумағы 2 209,2 шаршы метр болатын балабақша төрт топқа есептелген. Ғимаратта балаларға арналған топтық бөлмелермен қатар, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға қажетті кабинеттер мен қосалқы бөлмелер қарастырылған.
Томан ауылында бұған дейін мектепке дейінгі білім беру ұйымы болмаған. Жаңа балабақшаның ашылуы ауыл балаларының мектепке дейінгі білімді өз елді мекенінде алуына жағдай жасайды.
«Балабақша салу ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болды. Нысан ашылғаннан кейін балалар өз ауылында мектепке дейінгі білім алады. Бұл – Томан тұрғындары көптен күткен маңызды әлеуметтік нысан», – деді балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Ақмарал Өтебаева.
Балабақша іске қосылғаннан кейін мұнда 15-ке жуық адам, оның ішінде тәрбиешілер, педагогтер және өзге де қызметкерлер жұмыс істейді.
Құрылыс жұмыстары Атырау облысының құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша жүргізілді. Мердігер ұйым – «Гранд Мастер» ЖШС.