Маңғыстаудағы бала өлімі: дәрігер күдікке ілінді
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда
Маңғыстау облысында мектеп жасына толмаған баланың өліміне байланысты белгілі балалар хирургі ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Полиция департаменті дәрігерді кәсіби міндетін тиісінше орындамады деп күдіктенуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері жас пациентке диагноз қою мен емдеу барысында өрескел қателіктер жіберген. Баланың денсаулығы кенеттен нашарлап кеткендіктен, ол санитарлық авиациямен Алматы қаласына шұғыл жеткізілді.
Алматылық мамандардың қолданған барлық емдеу шарасына қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
«Комиссиялық сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету кезінде асқынулардың дамуына ықпал етуі мүмкін кемшіліктер анықталды», – деп хабарлады Маңғыстау облыстық Полиция департаменті.
Дәрігердің ұсталуы Маңғыстау медицина жұртшылығы арасында үлкен резонанс тудырды. Облыстық көпсалалы аурухана директорының орынбасары Үміт Ілиясова Facebook желісіндегі парақшасында Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне үндеу жолдап, әріптесін жақтап шықты.
Мекеме басшысы орынбасарының айтуынша, дәрігерді жауап алуға шақырып, адвокатына ескертпестен бірден тұтқындаған. Оның сөзінше, ұсталған хирург бұған дейін мыңдаған баланың өмірін арашалап қалған жоғары білікті маман.
Қазіргі уақытта хирург ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы (Ұстау негіздері) бойынша 1 қазанда ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.