Талдықорғанда екі күнде бес велосипед ұрлаған күдікті ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Дәулет Ботагөз

Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындады

Фото: Жетісу облысының ПД

Талдықорғандық полицейлер қала аумағында велосипед ұрлығымен айналысқан 28 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында ұрланған мүліктердің басым бөлігі иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің екі күн ішінде қаланың әртүрлі аудандарында бес бірдей велосипедті қолды қылғаны анықталды.

Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындады.

Полиция қызметкерлерінің жедел іс-қимылы тұрғындарға келтірілуі мүмкін материалдық шығынның алдын алды. Тәркіленген 4 велосипед заңды иелеріне қайтарылды. Анықталған 3 эпизод бойынша жалпы шығын көлемі 195 мың теңгені құрады. Алтыншы велосипедтің қайда сатылғаны және оны өткізуге қатысы бар тұлғалар анықталып жатыр.

Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта әрбір эпизод бойынша оқиғаның мән-жайын толық анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.