Алматылық тәртіп сақшылары арнайы рейд барысында 63 жастағы азаматтың үйінен есірткі заттарын тапты
Алматылық тәртіп сақшылары арнайы рейд барысында 63 жастағы азаматтың үйінен есірткі заттарын тапты. Тінту кезінде оның баспанасынан 8 түп қарасора өсімдігі мен 500 грамға жуық кептірілген шөп тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Операцияны Алматы қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізді. Куәгерлердің қатысуымен пәтерді тексеру кезінде өзіне тән ерекше иісі бар 8 түп өсімдік пен арнайы сақталған 500 грамм кептірілген өсімдік тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.
Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша ұсталған азаматтың каннабиноидтар тобына жататын есірткі затын тұтынғаны ресми түрде дәлелденді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның өзге де мән-жайы анықталып жатыр.