Қазақстандықтарды соғыс аймағынан қайтару: СІМ маңызды мәліметтерді жариялады

Автор: Алмас Ерсін

Ведомство соғыс жүріп жатқан аймақта қалған Қазақстан азаматтары туралы мәлімет сұратып, Ресей тарапымен консультацияларды жалғастырып жатыр

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі соғыс жүріп жатқан аймақта қалған және елге оралуға көмек сұраған Қазақстан азаматтарына жәрдем көрсету бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының азаматтары елге оралуына көмек көрсетуді сұрап, өтініш жасап жатқаны туралы ақпарат таралуда. Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға барынша байыппен қарап отыр. Шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау – министрлік жұмысының сөзсіз басымдығы», – делінген мәлімдемеде.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі әлемнің түрлі елдері мен өңірлеріндегі соғыс жүріп жатқан аймақтардан отандастарды елге қайтару бойынша тәжірибесі бар екенін атап өтті.

«Осыған байланысты Қазақстан азаматтары туралы толық әрі нақты ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан емес, азаматтардың өздерінен немесе олардың туыстарынан тікелей алу аса маңызды. Қазірдің өзінде бірнеше отбасы көмек көрсету туралы өтінішпен министрлікке жүгінді», – деп атап өтті ведомство.

Соғыс жүріп жатқан аймақта қалған қазақстандықтардың туыстарынан өтініш қабылдау үшін министрлікте арнайы жедел желі жұмыс істейді.

«Бұқаралық ақпарат құралдарынан тиісті байланыс деректерін таратуға жәрдем көрсетуді сұраймыз. Азаматтардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету үшін министрлікке олардың тегі мен аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері, сондай-ақ жасасқан еңбек келісімшарттарының талаптары туралы мәліметтерді қоса алғанда, толық ақпарат қажет», – деді ведомстводан.

Сондай-ақ қазақстандықтарды елге қайтару бойынша бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапымен консультацияларды жалғастырып жатқаны айтылды.

«Бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілімен кездесу өткізді. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Ресейдің Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізеді», – деп хабарлады СІМ.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы мен нәтижелері туралы Сыртқы істер министрлігі қосымша ақпарат береді.